Алексей Цой Алматыдағы «Қоғамдық бақылау» белсенділерімен ынтымақтастық мәселесін талқылады

18.07.2020 03:12

Министр дәрігерлер мен пациенттердің абыройына нұқсан келмеуі керек екенін баса айтты

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Қоғамдық бақылау» белсенділерімен ынтымақтастық мәселесін талқылады. Бейнебайланыс арқылы болған конференция барысында Алматы қалалық қоғамдық бақылау белсендісі Саида Тәуекелова бірқатар өзекті мәселені қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол дәріханаларда жоғары сұранысқа ие препараттардың бар-жоғын тексеру, гуманитарлық жүктердің діттеген жеріне жетуін қадағалау және медициналық ұйымдарға бару кезінде құқықтық сипаттағы проблемалар туындайтынын, сондай-ақ, оны реттеу қажеттігін атап өтті.

«Бізде статус жоқ. Сондықтан көбі қоғамдық бақылау ештеңе істей алмайды деп отыр. Сол себепті әрбір мониторинг топтың нақты қызметін жазып, волонтерлерге куәлік, жадынама және айырым белгілерін беру қажет. Ақпараттарды електен өткізіп, шешім қабылдау үшін тиісті мекемелерге жеткізу керек», – деді  Алматы қалалық қоғамдық бақылау белсендісі Саида Тәуекелова.

Ал министр дәрігерлер мен пациенттердің абыройына нұқсан келмеуі керек екенін баса айтты. Мәселен, киімсіз, әлсіз жатқан науқасты бейнеге түсіріп, желіге салмастан бұрын, одан рұқсат сұрау қажет. Бұдан бөлек Алексей Цой кей еріктілер көмектесудің орнына, керісінше ем-дом үрдісіне бөгет жасайтын жағдайлар барын жеткізді. Айтуынша, олар ота жасау бөлмелеріне дейін кірмекші болады. Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары мен санитарлық нормаларды сақтамайды.

«Коронавирус инфекциясымен күреске барлығымыз жұмылуымыз қажет. Біздің мақсатымыз – денсаулық сақтау жүйесін дұрыс жолға қою. Салғырттық деген болмауы қажет. Еріктілер жеке қорғаныс заттарын киюі тиіс. Себебі олар өздері ауру жұқтыруы мүмкін. Дәрігерлер қолдау мен қамқорлықты сезінуі керек. Ал пациенттерге қатысты айтар болсам, егер құқыққа қайшы жағдай болса немесе көмек көрсету стандарттары сай болмаса, онда себебін анықтаған жөн», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.