Қазақстанда 20 тәулікке жететін бензин қоры қалды

12.03.2021 03:13

Бензин бағасы нарықпен реттеледі

Сурет: Kapital.kz

Қазақстанда 20 тәулікке жететін бензин қоры бар. Ол туралы Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал, бұл ретте жанар-жағармай бағасының өсуін сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасып отырғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бензин бағасы нарықпен реттеледі және мұнайдың әлемдік бағасына байланысты емес.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда Аи-92 жанармайының бір литрі 160 теңге болып тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қырғыз Республикасында баға - 185 теңге (16% жоғары), Өзбекстанда - 261 теңге (63% жоғары), Ресейде - 255 теңге (59%). Өздеріңіз білетіндей, мұнай өнімдерінің нарығы жоғары құбылмалы болады және жанар-жағармай бағасының қалыптасуына әсер ететін бірқатар факторлар бар», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.