2020 жылдың соңына дейін 880 ауыл тегіс интернетпен қамтылмақ

2020 жылдың соңына дейін 880 ауыл тегіс интернетпен қамтылмақ
Бүгінгі таңда елімізде 697 мектепте интернетке қосылу проблемасы болса, 93 мектепте мүлдем жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2020 жылдың соңына дейін тұрғындар саны 250-ден асатын 880 ауыл кең жолақты Интернет желісімен қамтылады. Қазіргі таңда елімізде 117 қала мен 3 мың 324 ауылда ғаламтор қолжетімді. Бұл туралы бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар  Жұмағалиев мәлімдеді. Алайда Мәжіліс депутаттарын бұл жаңалық қуанта қойған жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар әлі күнге медицина, білім, құқық қорғау салаларында ғаламтор желісіне қосылуда күрмеулі мәселелер көптігін алға тартты.

Қазақстанда әлі күнге дейін көптеген ауылдар интернетке қосылмағаны рас. Бұл ауыл балаларының жан-жақты білім алуына, адамдардың денсаулығын жақсартуда, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кері ықпалын тигізетіні және бар. Өйткені шалғайдағы елдімекен тұрғындары ақпарат дамыған заманда ақпаратқа қол жеткізе алмай отыр дейді депутаттар. Дегенмен, министр Асқар Жұмағалиев бұл бағытта ауыз толтырып айтарлық жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді

"2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл Интернет желісіне қосылады, ал 2020 жылы қалған 509 ауылды қосу  жоспарлануда. 2020-2022 жылдарда LTE (4G) стандартындағы мобильді желілерді және басқа технологияларды дамыту арқылы 3 143 ауылды Интернетпен қамту жоспарлануда», - деді  ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ.

Асқар Жұмағалиев мырза келтірген статистикалық мәліметтеріне мәжіліс депутаттарының көңілі толмады.

«2018 жылдан бастап 2020 аралығында мына талшықты оптикалық байланыс желілері бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ететін интернетті 1250 ауылға тартып отыр. 2017 жылға дейін елімізде интернетпен қамтамасыз етілген 1228 ауыл болды. Екеуін қосатын болсақ, 2478 ауылдық мекен 2020 жылға дейін қамтамасыз етіледі екен. Сондай айтайын дегенім, интернтепен қамтамасыз етілмеген 1726 ауылдық елді мекен қайда кетті, құрметті министр мырза? Оны қалай қамтамасыз еттіңіздер? Әлде сіздер жалған ақпарат беріп отырсыздар ма?», - деді  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай СӘБИЛЯНОВ.

Бұдан бөлек интернеттің жоқтығы ауылдағы медицина саласының мамандарының жұмысына кедергі келтіріп отырғаны айтылды.

«Ауыл халқының денсаулық сақтау саласындағы көрсетілген қызметтердің сапасына қанағаттануы бар болғаны 43,7 пайызды құрап отыр. Интернеттің жиі жұмыс істемей қалуынан медицина қызметкерлерінің денсаулық сақтау министрлігі, медициналық қызметке ақы төлеу комитетіне күнбе-күн есеп беруде қиындап отыр. Менің ойымша, бұл аудандық деңгейден төмен деңгейдегі денсаулық сақтау ұйымдарын интернетпен қамтудың 40 пайыздан төмен болуына байланысты болса керек», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан МЫҢБАЙ

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бұл мәселеге қатысты мардымды жауап бере алмады.

«Денсаулық сақтау министрлігі не себепті Үкімет сағатына дайындалмаған адамды жіберетінін ескертіп, сұрау жолдау керек», - деді ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир БОЖКО.

Бүгінгі таңда елімізде 697 мектепте интернетке қосылу проблемасы болса, 93 мектепте мүлдем жоқ. Бұл мәселе БҚО, Түркістан, Ақмола облыстарында өзекті. Ғаламторға қосылмау әсіресе, ұстаздардың қолын байлап отыр, дейді депутаттар.  

«Әңгіме барысын облыс өңірлеріне барған сәтте оқытушылардың сөзімен айтсақ: «күнделік кз-ке кіре алмағаныма 1 апта уақыт болды. Мектептің интернеті айналып  тұрып алады. Логин, құпия сөзімді айтайын, ең болмаса, оқушыларымның қортындысы қалай болғанын айтып берші деп әркімге жалынып жүреміз» дейді. Педагогтардың қағазбастылықтан арылайық деген бастамасымен қолға алынған дүние сол мұғалімдердің қолын байлап отыр. Анығында ауыл мұғалімдерінің қолында тұсау көп-ақ», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытгүл ХАМЕНОВА.

Ауылдарға 3G немесе 4G жетпей жатқанда мегополистерде 5G желісін енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда екен. Бұл бойынша Жол картасы да бекітіп қойыпты. 2022 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы халқының 97% кең жолақты Интернет желісімен қамтылатын болады. Қалған 3%-ына спутниктік технологияны қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі деп сендірді министр Асқар Жұмағалиев.

Новости партнеров