Төтенше жағдайға байланысты берілетін 42 500 теңгені алу үшін Қазақстанда ертеңнен бастап жаңа сайт жұмысын бастамақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал жұмыссыздар әлеуметтік қолдауға ие болудың амалдарын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифингте егжей-тегжейлі айттып берді. Анықталғаны, көмекті ешқандай құжатсыз, өтініш арқылы алуға болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, бастапқыда ведомтсво жұмыс берушілерді жұмыс орындарын, жұмысшылардың жалақысын сақтауға, қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беруге және ақылы еңбек демалысына жіберуге шақырғанын айтады. Алайда, өкінішке қарай, мекемелердің басым бөлігі, әсіресе орта және шағын бизнес өкілдерінің бұл талаптарды орындауға мүмкіндігі болмауда. Олар жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберуге, тіпті қысқартуға мәжбүр. Оның үстіне елімізде өз бетінше жұмыс істеп жүрген азаматтар да табысынан айырылуда. Мәселен, статистикаға сенер болсақ, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 миллионнан астам адам бар. Осыған байланысты Президенттің 23 наурыздағы тапсырмасына сәйкес төтенше жағдайда Мемлекеттік сақтандыру қорынан табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге әлеуметтік төлем енгізілді. Бүгінде 1 мыңнан астам адам аталған көмекті ала бастады. Министр Мемлекет басшысының кешегі үндеуін де айта кетті. Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше өз сөзінде әлеуметтік төлемді алу мәселесін жеңілдетуді тапсырған болатын. Осыған балйанысты тәртіп өзгертілді.
«Ол, біріншіден, жалдамалы қызметкерлер – орта және шағын кәсіпорындарда ақысыз демалысқа жіберілген жұмысшылар. Карантин жарияланған қалаларда бұл санатқа ірі кәсіпорындарда жатады. Екіншісі – жеке тұлғалар, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар. Олардың ішінде жеке кәсіпкерлер бар – 1,5 млн азамат. Жеке практикамен айналысып жүрген (жеке адвокаттар, сот орындаушылар, нотариустар) 2 мыңнан астам осындай азамат бар. Фрилансерден де 180 мың бар. Олар да табыстарынан айырылуда. Соңғы 12 айда Бірыңғай жиынтық көлемін төлеген 316 мың адам бар», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.
Ал, әлеуметтік төлемді алу үшін ешқандай құжатты тапсырудың қажеті жоқ. Тек өтініш беріледі. Жұмыс беруші өзінің өтінішінде жұмысшыларының тізімін қосады. Бұл жерде табыстан айырылғанның төтенше жағдайға байланысты екенін ешкімге дәлелдеудің де қажеті жоқ. Өтініште көрсетілген мәліметтер қабылданады. Екіншіден, бәрі электронды түрде болады. Ол үшін бар болғаны электронды үкімет порталына кіріп, өтінішіңізді қалдырсаңыз болғаны. Біржан Нұрымбетов 42500 теңгені алу үшін ертеңнен бастап арнайы сайт та жұмыс істей бастайтыны жеткізді.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» арнасы