Әбіш Кекілбайұлының жары Клара Жұмабайқызы өмірден өтті

06.07.2020 03:17

Қаралы хабарды Әдебиет порталы жеткізді

ашық дереккөз

Жазушы Әбіш Кекілбайұлының әйелі Клара Жұмабайқызы дүние салды. Қаралы хабарды Әдебиет порталы жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Әбіш аға мен Клара апай бір класта оқыған... Бұ кісілер – бала махаббаты өмірлік сүйіспеншілікке ұласқан жандар. Клара апай Ақтөбедегі медицина институтын таңдайды. Әбіш ағамыз болса-болмаса Алматыда. 

Екі араны ғашықтар хаты жалғап тұрды. Сондай бір хат қанаты талғанша ұшып, Алатаудың баурайына асығып, шұғыл жетсе керек. Хат иесі оқуының аяқталғанын, комсомолдың жолдамасымен Балқашқа жүргелі отырғанын айта келіп «Сен енді не етпексің?» деп түйіндейді ғой. Әбіш аға салып-ұрып ұстазы Зейнолла Қабдоловтың алдына барып, «Маған Ақтөбеге баруға бір билет, қайтуға – екі билет керек» дейді. Қабдолов аға-дос Әбдіжәміл Нұрпейісовпен жалғасады. 

Сөйтіп ағалардың қамқорлығымен шұғыл «Балқаш операциясының» алдын ораған Әбіш аға мен Клара апай Ақтөбеде некелесіп, Алматыға ерлі-зайыпты Кекілбаевтар болып оралады. Сөйтіп... шәй деспей 51 жыл 8 ай бірге ғұмыр кешіпті. Ұл сүйді, қыз өсірді, немере мен шөберенің де жұпар исіне мейір қандырды. 

Сөйткен Клара апайымыздың да тынысы тоқтапты. Тірісінде Әбіштей жақсыға адал серік, дос-жарға жұғымды бәйбіше, ұл-қызға мейірімді ана, немере мен шөбереге әз әже бола алған Клара Жұмабайқызының рухы пейіште шалқысын. Артында қалған бала-шағасына, туыс-туғандарына қайғырып көңіл айтамыз» деп жазады adebiportal.kz.