Жайық өзенінде балық қырылуына қатысты 10 сауал

12.03.2019 03:21

Балық өлексесін жинаумен кім айналысады және бүгінге дейін қанша тонна балық қырылды?

Атырауда Жайық өзенінде былтыр желтоқсан айында балықтар жаппай қырылған болатын. Осы жайтқа байланысты әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан ең көп қойылған 10 сұраққа жауап іздеп көрдік.

1. Балық қашаннан бастап қырылды?

Балық қырылуының алғашқы дерегі 2 желтоқсан 2018 жылы тіркеліп, 9 желтоқсан 2018 жылға дейін жалғасты.

2. Қазір балық өліп жатыр ма?

Жоқ, қазір балық өліп жатқан жоқ,  жаңа ауланған балық арасында өлі балық болмады.

3. Балық неге қазір қалқып шығып жатыр?

Желтоқсанда өлген балық мұзға жабысып қалған, жылылық түскен соң су бетіне қалқып шыға бастады.

4. Балық өлексесін жинаумен кім айналысады және бүгінге дейін қанша тонна балық қырылды?

Бүгінгі есеп бойынша жалпы алғанда 108 тонна балық жиналды. Оның 103 тоннасы екі бекіре өсіру зауытынан, қалған 5 тоннасы Жайық өзенінен.

5. Жайық өзенінен су сынамалары қаншалықты жиі алынады және қандай сынамалар?

Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, экология департаменті, "Қазгидромет" мекемесі аптасына екі рет су сынамасын алып отыр. Су көрсеткіштері нормаға сай және тұрғындар мен өзен фаунасына қауіп тудырмайды.

6. Балық сату нүктелерін кім және қалай қадағалайды?

Полиция мен ветеринарлық қызмет сауда нүктелерін бақылауда ұстап отыр. Балық тек тиісті құжаттармен сатылады, барлық базарда сатып алған балығының сапасын тексергісі келген әр адамға ветеринарлық зертхана тегін қызмет көрсетеді.

7. Өзен өлі балықтардан қалай тазартылады?

Тазарту жұмыстарына "Арнаулы автобаза" ЖШС, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері, еріктілер тартылған. Жақын күндері өзендегі мұз толық еріген соң су айдынын тазартумен арнайы жабдықтары бар балық аулайтын кооперативтері айнылысады.

8. Өзен балық популяциясын өздігінен қалпына келтіре ала ма?

Мамандардың айтуынша, Жайық пен Қиғаш өзендерінің арналары арқылы көктемгі және жазғы уақытта балықтар уылдырық шашады, ол табиғи популяцияның қалпына келуіне мүмкіндік береді.

9. Балықтың осылай қырылу оқиғасы бұған дейін болды ма?

Жайық өзенінде мұндай жағдай өткен ғасырдың 80 жылдары болған, ол кезде анықталмаған заттардың өзенге құйылуы балықтардығ қырылуына соқтырған. Сондай-ақ, қалың мұз бен қардың салдарынан да балық қырылған. Өзен көктемгі уылдырық шашу кезінде балық популяциясын қалпына келтірген.

10. Оқиғаға кінәлі кім екені қашан айтылады және залалды кім өтейді?

Балық қырылу дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу-тексеру жұмыстары жүруде, кінәлілер анықталатын болады. Полиция қызметкерлері мен ветеринарлар балық өнімдерін сату нүктелерін қадағалауда ұстап отыр. Балықтан, судан улану деректері тіркелген жоқ.