Әлем елдері Ауғанстандағы тәліптермен ымыраға келіп, диалог орнатуы керек

11.09.2021 03:21

Мұндай қадам миллиондаған адамның өмірін сақтап қалу үшін қажет

Almaty.tv

Әлем елдері Ауғанстандағы тәліптермен ымыраға келіп, диалог орнатуы керек. Бұл туралы Біріккен Ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv

Оның сөзінше, мұндай қадам миллиондаған адамның өмірін сақтап қалу үшін қажет. Әрі тәліптер оларды мойындауын, қаржылай қолдауын және санкциялардың алынып тасталуын қалайды. Біріккен Ұлттар ұйымы Кабул билігі әр азаматтың құқығына дұрыс қарап, инклюзивті мемлекет құрады деген үмітте. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі де Ауғанстанда баршаға бірдей мүмкіндік беретін, бүкіл Ауған халқының пайдасына қызмет ететін үкімет құрса деген пікірде. 

«Қандай да бір үкіметпен келіспеушіліктің болғаны онымен байланысты үзу керек деген сөз емес. Біз Ауғанстан үкіметін, Талибанды мойындауымыз мүмкін, мойындамауымыз мүмкін. Дегенмен, дипломатиялық байланысымыз тоқтамайды. Талибанмен келіссөздерді жалғастыру керек және мұны тоқтатпаймыз», – деді АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер.

Сонымен қатар, елші тәліптер жерінде өз болашағын құра алмаймын дейтін адамдардың ол елден кетуге мүмкіндігі болуы керек деп есептейді.

«Біз Ауғанстан халқының болашағы жарқын болса деп тілейміз. Сондықтан, қарым-қатынасымыздың болуы өте маңызды. Уақыт өте келе, Талибан үкіметімен байланысымыз нәтижелі болады деп үміттенемін. Және ол нәтиже - бәріміз күтіп отырған инклюзивті үкімет болса дейміз», – деді АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер.