Президент Димашқа тазының күшігін сыйлады

06.11.2023 03:25

Ол бұл жаңалықты Instagram парақшасында жеткізді

Instagram/kudaibergenov.dimash

Қасым-Жомарт Тоқаев әнші Димаш Құдайбергенге тазы күшігін сыйлады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол бұл жаңалықты Instagram парақшасында жеткізді.

«Достар, танысып қойыңыздар, бұл — менің жаңа досым. Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады. Тазы — біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қалған жеті қазынаның бірі. Қазіргі күні Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады»,- деп жазды қазақстандық орындаушы парақшасында. 

Оның айтуынша, бұл қазақы тұқым тән сұлулығымен, ұстамдылығымен ерекшеленеді және өте ақылды келеді. 

«Ата-бабамыз тазыны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған, бұл оның тазалығын білдіреді. «Тазы» атауы парсы тілінен енген, мағынасы — шапшаң, епті. Осындай баға жетпес сыйлық үшін Президентімізге алғыс айтамын! Тазыны Ғарышкер деп атадық»,- деп жазады Димаш Құдайберген.