Мемлекет және қоғам қайраткері Бижамал Рамазанова 94 жасына қараған шағында дүниеден озды

10.11.2020 03:30

Бижамал Рамазанова бар күш-жігерін қазақтың дамуына, тәуелсіз ел болып қалыптасуына мол үлес қосты

Фото www.kaznpu.kz

Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Бижамал Рамазанова 94 жасына қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бижамал Рамазанқызы жастайынан сұрапыл соғыс жылдарында балаларға білім берумен айналысып, тыл жұмыстарына белсене араласады. Кейіннен қызмет жолын Талдықорған облыстық компартиясында инструктор болып бастайды. Алматы облыстық комитет партиясының хатшысына дейін көтеріліп, өлшеусіз еңбек етеді. Оның архив саласына қосқан еңбегі де өлшеусіз.

Бижамал Рамазанова бар күш-жігерін қазақтың дамуына, тәуелсіз ел болып қалыптасуына мол үлес қосты. Ол Талдықорған облысындағы Қызылағаш ауылында дүниеге келеді. Жастық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа тұс келіп қиын-қыстау кездерді бастан өткереді. Небәрі 15 жастағы қаршадай қыз сол кездегі балаларға сабақ беріп ұстаздықпен айналысады. Тыл жұмыстарына да араласады.

«Бастауыш мектептің балаларына дәріс беріп, кәдімгідей жасы үлкен адамдардың қатарына кіріп, өзін-өзі көрсете білгеннен кейін ақырындап комсомол қызметіне қатысады да, Талдықорған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысына дейін өседі», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғайникен Бибатырова.

Келелі еңбегінің арқасында қайраткер Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы болып тағайындалады. Бижамал Рамазанова өзінің қатарластарына, әріптестеріне мейірбан қолдаушы, бетке ұстар тұлға бола білді дейді көзін көргендер.

«Қазақ қыздарына ерекше қараушы еді. Сол қыздардың өскенін ұнатушы еді. Әпкелік қамқорлығын жасай білетін ол кісі. Сондықтан айтамыз ғой «идеал» деген болады деп. Қазақ қыздарына нағыз үлгі болды. Сол кісіге ұқсасақ екен деп өстік бәріміз», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғайникен Бибатырова

Бижамал Рамазанованың архив саласындағы атқарған қажырлы еңбегі де зор. 1975-1982 жылдары аралығында Министрлер Кеңесі жанындағы Бас архив басқармасын басқарған. Бүгінде оның архив саласына әкелген жаңашылықтарын ізбасарлары аңыз етіп еске алады.

«Бұл кісіні біз іскер ретінде айтатынымыз, мына архив саласында архивтің жөндеу жұмыстарына қарапайым жұмыстан бастап архив саласының негізгі күрделі жұмыстарына дейін барлық жұмыстарды өзінің іскерлігімен атқара білген азамат», – деді ҚР Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаева.

Бүгінде ғалымның көзі мен тәрбиесін көргендер оның байсалды, қарапайым, зиялы әрі білімді адам болғанын тілге тиек етеді. Бижамал Рамазанова екі рет «Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет белгісі» медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ, «Парасат», «Құрмет» ордендері берілген.

Бижамал Рамазанова:  

– Бір ғана тілегім бар. Ең бірінші мынау тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз аман, жеріміз тыныш болсын. Ауылымыздың іші даудан, сырты жаудан сақтасын. Балаларымыз үлкен жігіт болсын, ата-балаларының істеген ісін әрі қарай дамыта берсін. Мен енді ризамын өмірге...

Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы