Сөз зергері шығармаларында бояуы қанық ұлттық нақышты, поэтикалық ерекшелікті жаңа мазмұнға көтереді
«Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп қазақтың бар болмысын бір ғана поэмаға сыйдырған ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің туғанына биыл 100 жыл, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Батыс өңірінде дүниеге келген қайраткердің жастық шағы Екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа тұс келіп, жаудың ауыртпалығын өз басынан кешкен майдангер ақын. Сөз зергері шығармаларында бояуы қанық ұлттық нақышты, поэтикалық ерекшелікті жаңа мазмұнға көтереді. Қазір оның теңдесіз мұрасы ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеп келеді.
Қазақтың біртуар ақыны Жұбан Молдағалиев қазіргі Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Жыланды деген жерінде өмірге келген. Жастық шағы екінші дүние жүзілік соғыспен тұспа тұс келген ол Отан қорғауға майданға аттанады. Жаумен таласа жүріп қаламынан талай тың шығармалар туады. Жары София Мәлікқызы Жұбан Молдағалиев туралы бірер естелігін айтты. Арманы көп еді дейді асылдың зайыбы. Ол әсіресе жас ұрпақтың, қазақ балаларының білімді әрі сауатты болуына аса мән бергенін айтады.
«Газеттерде шығып жүрді. Қазақ балаларын пайызбен оқуға алу керек деген. Онда қазақ факультеттері мүмкін аз болған болар. Сонда Жұбан Колбинге әдейі барып айтты «Бұл қалай сонда? Қазақтың балаларын пайызбен аламыз деген не сөз ол?» деп. Мысалы, елде қазақша мектеп бітіргендер басқа елге барып қалай оқуға түсе алады ол? Одан да Қазақстанда қазақ факультеттерін көбірек ашу керек. Түссін, оқысын өз елінде», – деді Жұбан Молдағалиевтің жары София Молдағалиева.
Ақынның өжеттігі шығармаларында да білініп тұрады. Әрбір туындысы кеңестік әдебиетке жаңа сарын беріп, әлі күнге өрендердің патриоттық сезімін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Әсіресе «Мен қазақпын» поэмасының алар орны ерекше.
«Ұлттық сана сезімді ояту үшін үлкен рөл атқарған поэзия деп мен айтар едім. Тәуелсіздіктің жақындауына, тәуелсіздің келуіне осындай Жұбан ағаның өлеңіндей жырлардың үлкен септігі тиген», – деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Қазақ зиялыларының арасында да Жұбан Молдағалиев әдебиеттің қыран ақыны ретінде бағаланған. Өр мінезді, батыл тұлға кейпінде есте қалған. Себебі кезінде 1986 жылы қазақ жастары үшін Колбинге қарсы шығып, араша болған да осы Жұбан Молдағалиев еді. Бұл туралы белгілі ақын Қадыр Мырза Әли былай деп жазады:
«Колбиннің алдында қыршынынан қиылғандарды қорғап сөз айтқан бір ғана ақын болды. Ол – Жұбан Молдағалиев. Ол Жазушылар одағында өткен жиналыста Колбиннің алдында өз ойын ашық айтты. Осының бәрін немен тынарын сезіп тұрып, біліп тұрып, солай істеді. Батыр болуға тиісті азамат еді. Батырлық істеді. Жылдар бойы жүрегін қысып келген запыранын құсып тынды. Ондай батылдықтан кейін оның тірі жүруі ақылға сыймас еді».
Батырлықтың үлгісі бола білген нар тұлға жылдар бойы аңсаған қазақ елінің тәуелсіздігін көре алмады. Ол 1988 жылы дүниеден озып кете барды. Әйтсе де оның хаты өлген жоқ. Жұбан Молдағалиев елін, жерін жырлап өткен ақын. «Мен –қазақпын», «Жесір таңдыры», «Кісен ашқан», «Қыран дала», «Сел» сияқты поэмалары әдебиеттегі шоқтығы биік мұра болып қала бермек.
Назкен Еркін, Сағынғали Мұғайтпасов, «Алматы» арнасы