Талдықорғанда ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, «Әнуар 90» кітабының тұсауы кесілді
Белгілі жазушы Әнуар Әлімжановтың туғанына 90 жыл толуына орай Алматы облысында мемлекет және қоғам қайраткерінің мерейтойына арналған мәдени іс-шара өтті. Жетісу төрі – Талдықорғанда ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, «Әнуар 90» кітабының тұсауы кесілді. Жазушы өзінің саналы ғұмырының бір бөлігін Махамбетті зерттеуге арнаған. Өзінің әр туындысымен оқырман санасынан ойып тұрып орын алған, артынан өшпес мұра қалдырған қаламгер турасында Almaty.tv тілшісінің бейнематериалда.
Алматы облысының Алакөл ауданындағы Қарлығаш ауылында дүниеге келген Әнуар Әлімжанов 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдап, 1952 жылы алғашқы әңгімелерін, очерктерін, публицистикалық мақалаларын баспасөз бетіне жариялай бастайды. Жазушы артында «Отырардың күйреуі», «Махамбеттің жебесі» сынды туындылары қалды. Қабырғалы қаламгердің тағы бір сүбелі еңбегі – «Ұстаздың оралуы» атты романы. Жазушы осы туындысы арқылы Әл-Фарабидің қазақ даласынан шыққан ұлы ойшыл екенін дәлелдей білді.
«Әл-Фарабидің қайтып оралуына еңбек сіңірген екі қазақ болса, біреуі – Машанов Ақжан ақсақал, екіншісі біздің Әнуар Әлімжанов. Бүкіл әлем әдебиет қауымының көзін Қазақстанға бұрып келген адам – Әнуәр Әлімжанов. Сол себепті бұл кісінің бүкіл еңбектері ұрпақтарының жадында болуы керек. Ұрпақтар ол кісіні білуі керек және шығармаларын оқып өсуі керек деп айтар едім», – деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Жиында Әнуар Әлімжановтың 90 жылдық мерейтойына орай шығарылған туындының тұсауы кесілді. Жинақтың құрастырушы авторы, жазушы – Ғаббас Қабышұлы. Екі тілде жазылған еңбектің алғашқы бөліміне естеліктер енсе, екінші бөлімі жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған. Ал кітаптың соңғы бөлімі қызметтестері мен шетелдік ғалымдардың қаламгерге жазған хаттарымен толықтырылды.
«Көрнекті қаламгер, жазушы Әнуар Әлімжановтың есімі тарих беттерінде орасан зор еңбектерімен, көркем дүниелерімен қалары сөзсіз. Жетісудің әдебиет айдынынан жазушы мұрасын жалғастыратын талантты жастарымыздың қатары көбейе берсін», – деді облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли.
Облыстық мәдениет басқармасы мұрындық болған жиынға елге танымал азаматтар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Әнуар Әлімжановтың өмір жолынан сыр шертті. Жиында қоғам қайраткеріне арнап еңселі ескерткіш бой көтерсе деген ұсыныс та жасалды.
«Мен Алматы облысының әкімдігіне және Алакөл ауданының әкімдігіне үлкен алғыс айтам. Конференцияны өте жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін. Барлық қатысушы жазушы мұрасы туралы қызықты деректерін ортаға салды. Оқыған баяндамалары да, жасаған ұсыныстары да орынды деп ойлаймын», – деді Ә. Әлімжановтың қызы Динара Әлімжанова.
Әнуар Әлімжановтың тарихи романдары мен әңгімелері әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Жазушы өмірінің соңғы жылдары «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталды. Әнуар Әлімжановтың орны көзі тірісінде де оқшау еді. Қазір тіпті ойсырап тұр. Мемлекет және қоғам қайраткері өнегелі сөзімен де, нақты ісімен де туған халқына жан аямай қызмет етті. Бүгінде оның көсемсөзін елі-жұрты іздеуде, бітімі бөлек үнін сағына еске алуда.
Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы, Алматы облысынан