Әуезов ауданында «бюджетке қатысу» пилоттық жобасы қарқын алуда

31.01.2020 03:43

Араға үш күн салып халықпен қайта кездесу өткізген аудан әкімінің есебін тыңдауға келгендер аз болмады

Бүгінде жергілікті тұрғындардан  38 ұсыныс түсіпті. Оның 19-ы дауыс беруге өтіп, 5 жеңімпаз анықталды. Осылайша ауданда тұрғындар ұсынған 5 бірдей жоба биылдан қалмай жүзеге аспақ. Бұл туралы бүгін Әуезов ауданы әкімінің халықпен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Араға үш күн салып халықпен қайта кездесу өткізген аудан әкімінің есебін тыңдауға келгендер аз болмады. Барлығының айтары бар. Алдымен тұрғындар Әуезов ауданындағы 2019 жылы атқарылған жұмыстар жайында баяндама тыңдады. Көп тірлік тындырылғанымен, шешілмей жатқан мәселе де бар. Бір қуантарлығы, «бюджетке қатысу» жобасында жергілікті халық белсенділік танытуда. Биыл 212 миллион теңгеге 5 жоба жүзеге аспақ.   

«Бес жобаның алғашқысы Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының ауласына жөндеу жұмыстарын жүргізу, екіншісі – «Мамыр-2» ықшамауданында жаяу жүргіншілер жолы мен аулаларға жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ 1-ықшамдаунда скейтсаябақ ашуды және тоғызқұмалақ үстелдерін орнатуды жоспарлап отырмыз», - деді Әуезов ауданының әкімі  Сайран САЙФЕДЕНОВ.

Одан  әрі еркін микрофон форматында жалғасқан бас қосуда 250  тұрғынан 50-ден астам сұрақ қойылды. Оның басым көпшілігі аудандағы тазалық мәселесіне байланысты.

Аудан әкімі халықпен кездесуде кейбір мәселелерді сол жерде отырған басқарма басшыларына жүктеп, жылдам шешуді тапсырды. Жалпы бүгінгі сауалдар, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелермен шектелген жоқ. Кейбір ұсыныстар мәдени салаға байланысты болды.    

«Мәдениет бөлімінің аясында жоспар жасадық. Әрбір жазушы, әрбір журналист мектепке, колледжға кездесулер ұйымдастыру үшін. Абай атамыздың 175 жылдығы соның аясында жазушылармен бір деңгейде жұмыс жүргізетін боламыз», - дейді әуезов ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.

Сондай-ақ, кездесуде аудандағы барлық емхана медициналық сақтандыруға дайын екендігі белгілі болды. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы ауданда кеңінен тойланабақ. Бүгінде мұнда 38 соғыс ардагері бар. Оларға жоғары  деңгейде әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр.

Арнат Дүйсен, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы