Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға шұғыл түрде көмек көрсету мақсатында іске қосылған
Алматының Наурызбай ауданында карантин уақытында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға шұғыл түрде көмек көрсету мақсатында «жедел желі» іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көмекке мұқтаж аудан тұрғындары бұл орталыққа кез келген уақытта хабарласу арқылы, небәрі 2 күн інішінде қажетті өнімдермен қамтамасыз етіледі. Әкімшілік тарапынан ұйымдастырылған жедел көмекке қанша отбасы қол жеткізіп үлгерді?
Наурызбай ауданыны тұрғындарының ішінде әл-ауқаты төмен отбасыларға төтенше жағдайда көмек көрсетуді қолға алған аудан әкімшілігі «жедел желі» орталығын ұйымдастырған. 20 наурыздан жұмысын бастаған орталық аудан әкімдігінің ішінде. Карантинде қажетті өнімдермен өздерін қамтамасыз ете алмай отырған отбасылар тек 308-70-20 нөміріне хабарласу қажет.
«Жедел желі» аптаның 5 күнінде істейді. Ал, ватсап 8700 308 70 20 нөмірі тәулік бойы істейді екен. Өтінім түскен соң небәрі 2-3 күнде тұрғынға қажетті көмек жетеді. Дегенмен видеоқоңырау арқылы отбасының жағдайы шынымен нашар екеніне көздері жетуі қажет. Мұндай шаралар жұмыстың жылдам іске асуы үшін жасалуда дейді мамандар.
«Аудан әкімдігінде қазір жедел желі құрылып, 381 адам өтініш білдірді. Оған біз 181 адамын бүгінгі күнде азық-түлік таратумен қамтамасыз етіп отырмыз. Жедел желіге түскен сұрақтарды күнделікті жазып алып, біз оны бір тізім құрып, қандай адам, оның мұқтаждығын жазып, соған сәйкес көмек көрсетуге тырысып жатырмыз», – деді Наурызбай ауданы әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Әлия ҚОРАБАЕВА.
Бүгінге дейін аудан әкімдігіне 1296 тұрғын көмекке жүгінген. «Біз біргеміз» акциясы аясында қала әкімдігі мен демеушілердің қолдауы арқасында аудандағы 746 отбасына жалпы көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етіліпті. Кезекте әлі де 550 тұрғын бар екен. Ал, «жедел желіге» өтінім берушілер саны күн санап артып келеді.
Дәл қазір біз Наурызбай ауданы әкімінің аппаратында орналасқан «жедел желі» орталығындамыз. Мұндағы мамандар осы орталыққа хабарласып, көмекке жүгінген әлеуметтік жағдайы нашар және аз қамтылған отбасылардың тізімін қолымызға берді.
Аталмыш орталықтың көмегіне қолы жеткен отбасылардың басында баспаналары жоқ және жұмыссыз. Тіпті, көпбалалы аналардың біреуі мүгедек баласына күтім жасауға қаражаты жетпейді. Жедел желіге хабрласа сала, 3-күні әкімдіктің көмегіне қолы жеткен тұрғындар ризашылығын жасырмады.
БЛИЦ:
1. Бір қиналып, тығырықта отырған кезімізде барып едім. Маған көмектесіп, шамалары келгенше бар жағдайымды жасап жатыр. Мың да бір алғысымды айтамын.
2. Осы қалада пәтер жалдап тұрамын. Осы қиындықтың бәріне көмектесіп жатқан әкімге, мектептерге рахмет!
Сондай-ақ, демалыс күндері «жедел желі» орталығы аудандағы тағы да 100 отбасына азық-түлік себетін таратуды жоспарлап отыр. Егер сіздің отбасыңыз көмекке мұқтаж болса, экранда көрсетілген нөмірге хабарласып, өтінім тастасаңыз болғаны.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, "Алматы" арнасы