Президент кибербуллингке қатысты заңға қол қойды

05.05.2022 03:45

Депуттар бұл бекітілген заң бала құқығының қорғалуына көмектеседі деп отыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кибербуллингке қатысты заңға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Парламент Сенаты бюросының мүшелері 14 сәуірде осы заң жобасын қараған еді. Онда кибербуллингке жол берілген болса, әлеуметтік желіні толық бұғаттау мүмкіндігі жойылған. Ал бұл заңды бекітуге интернет бетіндегі таралып жатқан видеолар да әсер етті. Соның бірі мұғалім мен оқушының арасындағы жанжал. Мамандар осы әлеуметтік желі арқылы таралған кей видеолар бала құқығының тапталуына жол беріп жатыр деген пікір айтуда. Соңғы бір айдың өзінде бірнеше видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Елордадағы мектеп директоры Аятжан Ахметжанұлы оқушының мұғалімге қол көтеретін кезі жиі болады, тек ол әлем желіге шықпай, мектеп ішінде ғана жылы жабылып қалады. Енді мұндай жағдай туындаса, бірден сотқа жіберу керек деп отыр.

«Мектепте электронды темекі шегетін балаға ескерту жасасаң ата-анасы «менің баламның денсаулығына қатысыңыз не?» дейді. Шектемесең мектептегі жағдай мүлде өзгереді. Ертең бүкіл мектеп өзгереді», – деді мектеп директоры Аятжан Ахметжанұлы.

Балалардың құқығын қорғайтын комитет бөлек болуы керек. Ал біздің елде ол Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Бұл дұрыс емес деген психолог Ержан Мырзабаев мектепте психологиялық қызмет көрсету ісі ақсап тұрғанын айтты.

«Бірінші оқиғадағы қателік министрдің дереу мұғалімге хабарласып, оған қолдау көрсетуі. Комиссия жоқ, жұмыс жасалған жоқ. Не болғаны түсініксіз, 15 секундтық кадрмен министр не істеді? Мұғалімдікі дұрыс, бала оңбаған деді», – деді психолог Ержан Мырзабаев.

Ал медиа саласын зерттеуші Молдияр Ергебеков бұл мәселелеге қатысты өкпелі екенін жеткізді.

«Бәрінен бұрын қазір бала құқы заңына қарсылар да, тарап болғандар үшін де бала құқы бір тиын. Мен өкпелімін. Мысалы, өткенде мұғалімді боқтаған бала оқиғасында баланы әлеуметтік медиада боқтамаған адам қалмады. Аты-жөні, жүзі ашық түрде берілді. Бала қаншалықты сотқар, тіпті6 қанышер болса да, ол-бала. Оның жүзін, аты-жөнін ашық беруге ешбіріміздің хақымыз жоқ», – деді  медиа, журналистика және кино зерттеушісі Молдияр Ергебеков.

Мемлекет басшысы баланың құқығын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша заңға күні кеше қол қойды. Депуттар бұл бекітілген заң бала құқығының қорғалуына көмектеседі деп отыр.

Қаламқас Нысанбай, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы