Алдағы күндері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өспейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мамандары осылай дейді. Ал, Ұлттық банк Төрағасы Ерболат Досаев қант, көкөніс және қарақұмықтың бағасы қымбаттағанын айтқан болатын. Себеп – қарақұмықтың өткен жылғы шыққан өнімі алдыңғы жылмен салыстырғанда 45 пайызға төмен болған. Ал, Алматыда жағдай тұрақты. Бүгінде қаладағы дүкендерде қарақұмық 305, ал қант 195 теңгеден сатылып жатыр. Қалада қарақұмықтың 2 айға жететін қоры бар.
«Мамандармен күнделікті дүкендерде азық-түліктің бағасына қатысты маниторинг жүргізіп отырамыз. Нәтижесінде қант бағасының төмендегенін көруге болады. Екі апта бұрын қанттың көтерме саудадағы бағасы 210 теңге болса, қазір 195 теңгеден саудаланып жатыр. Қазіргі таңда осы қарақұмық пен қантты Ресей елінен алып отырмыз. Шекара жабық болғанымен, жасыл дәліз арқылы тағамдар жеткізіліп отырады. Тұрғындарды азық-түлікпен қамту жұмыстары басты назарда», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы агроөнеркәсіп бөлімінің басшысы Дамир ТАЗАБЕК.