Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Урбан конференциясының модераторына сұхбат берді
Қала басшысы өз сөзінде шаһарға әкім болып келгеннен кейін барлық мәселені қалай зерттегенін, әр аудан тұрғындарымен кездесіп проблемаларды халықтың өз аузынан естігенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қаланың басшысы болып келе салысымен, қаланы аралап шықтым. Жүргізуші екеуміз Алматыны толық зерттедік. Бұл үрдісті одан кейін де жалғастырдым. Тұрғындармен кездесе бастадым. Кейін аудан әкімдеріне қандай проблема барын айтып, көрсетуді тапсырған едім. Бірі дұрыс түсінсе, ендігісі тек жақсы жерлермен көз бояғысы келді. Кейбір аудандардан қанағаттанбай қайтатын болдым. Маған сол жердегі шешілмей жатқан мәселелерді өз көзіммен көру керек болған. Тұрғындар маған сол жағынан жақсы көмектесті. Менің ойымша, әлеуметтік желі ашып, кері байланысты күшейткеніміз дұрыс шешім болды», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Сұхбат барысында Бақытжан Сағынтаев қаладағы экология мәселесінің қалай шешілетінін де айтты. Бастысы жылу электр орталығын бір жақты қылу керек. Сонда біз мегаполистің ауасына зиян келтіріп жатқан көлік пе, әлде жылу станциясы ма, соны анықтай аламыз дегенді алға тартты. Сонымен қатар, Алматы әкімі экономиканы өзгерту керетігін де жеткізді. Яғни, бір жүйеге келтіру қажет. Тілдесу кезінде қаладағы жұмыссыздық проблемасы да көтерілді.
«Алматыда 39 жоғарғы оқу орны бар, алайда жұмыс жоқ. Мәселен, Медеу ауданында жұмыс таппай жүргендер көп, бір жағынан жұмысшы іздеген жұмыс берушілер де жетерлік. Сондықтан бұл мәселе де оң шешімін таппақ», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.