Олар мұндай кездесулерді тек оқу орындары мен мемлекеттік сектор қызметкерлеріне ғана емес, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға да өткізу қажет дегенді алға тартты
Бүгін еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы аясында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында құрылған дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы Алматыдағы сауда ойын-сауық орталығында кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сауда үйінің қызметкерлері мен жалға алушыларына арналған дәріс шеңберінде жат діни ағым, олардың әдістері туралы, біздің қоғамдық құндылықтарымызға қандай діни идеология қайшы келеді деген сынды жалпы түсініктер талқыланды.
«Көптеген азаматтар базарда, сауда үйлерінде жұмыс жасай отырып, жат діни ағымдарға жат діни ағымдардың ықпалына ұшыраған фактілер жиі кездеседі. Бұл шындық. Сондықтан біздің мақсат – халықтың барлық бөлігін қамту», – деді қалалық дін істері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Бақдәулет Әбдіхамитов.
Дін істері басқармасының қолдауымен жылда кешенді түрде ұйымдастырылатын шараға дін саласындағы білікті мамандар қатысып, жалпы сауда-саттықтың, сатушы мен сатып алушының діндегі орны туралы ойларын ортаға салды. Олар мұндай кездесулерді тек оқу орындары мен мемлекеттік сектор қызметкерлеріне ғана емес, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға да өткізу қажет дегенді алға тартты.
«Кейбір саудагерлер кәсібін адал бастамай, арамдықпен бастап жатқандар кездеседі. Бірін-бірі алдаушылық, саудада әділ болмау мәселелері көп кездеседі. Сондықтан да осы шараны жасап, сол кісілерге сәл де болса ақпарат беріп, саудада әділ болу керегін, саудада қандай шарт бар екенін, діндегі оның орны қандай екенін, сатушы мен сатып алушының орны қандай екенін түсіндіріп өттік», – деді Алматы облысы Дін істері басқармасы діни экстремизм құрбандары мен деструктивті діни ағым ұстанушылар орталығының бөлім басшысы Ерлан Матаев.