Егеуқұйрықтар қаптап кетті: СҚО-да ауыл тұрғындары элеватордың жұмысына шағымданды

21.04.2021 20:09

Экология қатты нашарлаған

Globallookpress.com

Солтүстік Қазақстанда Смирнов ауылының тұрғындары үйлеріне іргелес орналасқан элеватордың жұмысына шағымданып отыр. Әуелі кәсіпорын денсаулыққа зиян келтіреді дейді, екіншіден маңайына егеуқұйрықтар қаптап кеткен. Оқиғаның мән-жайымен толығырақ өңірдегі Almaty.tv тілшісі Диана Есім танысып қайтты.

Ауыл халқының айтуынша элеватордың кесірінен үй жаққа улы химиялық қосындылар ұшып, экология қатты нашарлаған. Тіпті, кәсіпорын ашылғаннан бері елдімекенде егеуқұйрықтар қаптады дейді.

«Қоқымдар ұшып, дем алу мүмкін емес. Көктемде су ерігенде бақтағы жер қызыл түске боялады. Бірдеңе улап, химиялық заттар сепкендей көрінеді. Егеуқұйрықтар да өте көп. Олардың кесірінен аллергия пайда болды. Балаларда да, ересектерде де», – деді Смирнов ауылының тұрғыны Надежда Ульрих.

Нашар экология бұл тек бір мәселе ғана. Тұрғындар жүк көліктерінің қозғалысына да қарсылық білдіруде. Сөздерінше, күні-түні көшемен шапқылайтын ауыр техника әбден мезі қылған.

«Біз 1986 жылдан бері тұрамыз. Бұрын бәрі жақсы болған. Жол да жақсы болды. Ал қазір біздің өмір тозаққа айналғандай болды. Айналамызда балшық пен батпақ. Камаздар үнемі солярка, газ сасып жүреді», – деді Смирнов ауылының тұрғыны Ольга Тервоненко.

Жергілікті билік өкілдері болса кәсіпорынның жабылуы аймақ экономикасына үлкен соққы болады деп санайды.

«Осыдан бір жыл бұрын осы элеватор директорымен сөйлескенде, ол кешке жұмысын тоқтатып отырған. Халық дем алсын деп кешке қарай. Енді алдағы уақытта тағы сол элеватор директорымен сөйлесеміз, түнгі ауысымда жұмыс істемес үшін. Енді бұл элеваторды жауып тастаса, ол үлкен өнеркәсіп қой. Жұмыссыздық пайда болады. Сондықтан осында өнеркәсіпті жабуға болмайды», – деді Смирнов ауылдық округінің әкімі Асхат Хамзин.

Қазіргі уақытта ауыл маңында 3 элеватор жұмыс істеп жатыр. Смирнов ауылында осындай мәселе 2019 жылы да көтерілген еді. Сол кезде тұрғындар бір кәсіпорынның жабылуына себепкер болған.

Диана Есім