Алматы қаласының білім беру ұйымдарында 500-ден астам кадр тапшылығы бар. Бұл туралы Білім беру басқармасының басшысы студенттермен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ләззат Жылқыбаева оқуын енді аяқтаған жас мамандарды толыққанды жұмыспен қамту да басты назарда екенін айтты. Одан бөлек, университет бітіріп, жұмысқа орналасқан ұстаздарға бір реттік 53 мың теңге сыйақы беріледі. «Алматы жастары» бағдарламасымен уақытша тұрғын үймен қамтылуына мүмкіндік және бар. Ал қалада жылдан жылға ашылып жатқан жеке меншік білім беру ұйымдары жас мұғалімдердің уақытылы қызметпен қамтылуына үлкен мүмкіндік дейді мамандар.
«Алматы қаласының басқа өңірлерден ерекшелігі – бұл жерде жекеменшік білім беру секторы жақсы дамыған. Мектепке дейінгі білім беруде 80 пайызы жекеменшік балабақшалар. Мектеп бойынша да ең көп жекеменшік білім беру ошақтары ашылған қала Алматы. Колледждердің 75 пайызы жекеменшік. Бұл деген сөз, бітіруші студенттердің тек мемлекеттік мекемелерда емес, жекеменшік білім беруде де өз жұмыстарын жалғастыра алады», – деді қалалық Білім беру басқармасының басшысы Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА