Нұр-Сұлтанда үлескерлер 10 жыл күткен үйінен бас тартып жатыр

Нұр-Сұлтанда үлескерлер 10 жыл күткен үйінен бас тартып жатыр
Құрылысы жылдан-жылға созылып келе жатқан Айсанам De Luxe тұрғын үй кешені
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Он жыл күткен үй ойымыздан шықпады. Нұр-Сұлтан қаласында ұзақ жылдан бері құрылысы аяқталмай келе жатқан тұрғын  үй кешенінің кейбір үлескері баспанасын алудан бас тартып отыр. Себеп жұмыстар сапасыз жүргізілген дейді. Бұл пікірмен кешеннің кейбір тұрғындары келіспей, баспаналарына қол жеткізгендеріне қуанышты. Ойлары екіге бөлінген жұрттың мәселесін Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай тыңдап келді.

Бұл – құрылысы жылдан-жылға созылып келе жатқан Айсанам De Luxe тұрғын үй кешені.  Үлескерлердің айтуынша, осындай проблемалы құрылыстарды аяқтау үшін әкімдік арнайы құрған «Елорда құрылыс» компаниясы сәуірден бастап А блогын тапсырып жатырмыз деп хабарлаған. Сонымен қатар, кіреберістердің де құрылысы бітті деп көрсеткен. Алайда халық сапасы сын көтермейді деп бағалаған. Тіпті, жедел сатылар да жұмыс істемейтінін айтып шағымданды.

«Мына біздің қарап тұрған обьектіміз Айсанам De Luxe тапсыру мерзімі 3 рет өзгерді. Ең бірінші тапсыру мерзімі 2020 жылдың маусымы. Онан кейін қараша, 2020 жыл. Қазіргі тапсыру мерзімі 30 маусым 2021 жылға келіп тұр. Бірақ, менің ойымша,  олар ол уақытта тапсыра алмайды. Одан ары қарай кетіп қалады деген ойым бар», – деді «Айсанам De Luxe УСПЕХ» тұрғын үй кооперативінің төрағасы Төлеуғазы Талжанов.

«Менің сұрауым бойынша 177 жұмысшы жасап жатыр екен. Мына үш үлкен блокқа бұл адамның жұмысшының саны жеткіліксіз. Сондықтан мына кім көмектеседі. Мүмкін әкімшілік көмектесе ме? Әлде мына «Елорда құрылыс» компаниясы мердігер сөйлес ме? Адам санын көбейту керек», – деді қала тұрғыны Айгүл Алтыбаева.

Алайда екінші тұрғын үй кооперативінің мүшесі кілттерін алған басқа үлескерлердің шағымы жоқтығын айтып отыр

«Оның ішінде 30-40 адамдай алып, ішіндегі пәтерлерін көріп, қуанышы ішіне сыймай, әбден қуанышты жағдайда алды кілтін. Жарықты 22-23-не қосады. Оның бәріне әкімдік ТКҚ өздері атсалысып, барлық жағдайын жасап қосады жарықты», – деді «Отау астана» тұрғын үй кооперативінің төрағасы Қарлығаш Түсіпбекова.

«Елорда құрылыс» компаниясы нысанды шілде айында тапсырады деп сендірді. Ал, тұрақты энергия және сумен жабдықтауды осы аптаның соңына дейін қамтамасыз етуге уәде берді.

«Нысан уақытылы тапсырылады. Бір тұрғын үй кешенінің кейбір үлескері қазір кілтті алғысы келмейтінін айтып отыр. Бірақ бұл олардың құқықы, өзі біледі. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүрлеу жоқ. Олар кілттерді құрылыс аяқталғаннан кейін де ала алады», – деді «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басқарушы директоры Мақсат Шаяхметов.

Еске салайық,  адамдар пәтер сатып алуға 8-9 жыл бұрын қаражат салған. Кейін нысан тоқтатылып, оны салған құрылыс компаниясына іздеу жарияланған болатын. Құрылыс жұмыстары тек 2019 жылы қайта жанданды. Содан бері бұл нысанды тапсыру мерзімі тағы екі рет кейінге қалдырылған.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, Нұрлан Өтеген, «Алматы» арнасы

Новости партнеров