Бізге кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет
Мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құру керек. Бізге кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Қазақстан халқына жолдауында құзырлы органдарға осындай міндет қойған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүгінде мемлекеттік қызмет саласына бірқатар өзгеріс енгізілді. Осы ретте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласындағы департамент өкілдері 8 аудан бойынша түсіндіру жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президент былтыр қыркүйектегі жолдауында жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтер туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы тапсырма берген еді. Онда негізінен мемлекеттік қызметкерлерді ротациялау және қысқарту, қызмет этикасын сақтау және шектеулерге ерекше назар аударылды. Осыған орай департамент өкілдері Әуезов ауданындағы бірнеше ұйымға барды.
«Бүгін біз Мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасындағы нормалар мен жаңалықтарды түсіндіру мақсатында Әуезов ауданы әкімдігіне бардық. Онда қандай бағыттар қарастырылғанын талқыладық. Сондай-ақ, жиында этикалық кодекс және мемлекеттік қызметкерлерді оқыту мәселелері көтерілді», – деді қалалық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Ильдар Үйсімбев.
Агенттік өкілдерімен қатар қалалық әкімдіктің Әдеп жөніндегі уәкілі аудандық «Nur Otan» партиясының филиалына барып, азаматтар үшін жеке қабылдау өткізді.
«Мен 12-аудан, 10-үй тұрғынымын. Менің мәселем – біздің ауданда түнгі ұйқының тыныштығы жоқ. Жастар компания болып отырады. Түнгі ұйқымыз бұзылады. Балаларым қорқады. Түнімен шошып, мені оятады. Дәретханаға тіпті өзі бара алмайды. Осы мәселемді айтып келдім», – деді Әуезов ауданының тұрғыны Дамира Әбдіқұл.
Президент жүктеген міндеттердің арасында азаматтардың шағымдарын сапалы қарау, жұмыс сапасын жақсарту және қызметкерлердің біліктігін арттыру да бар. Бұл ретте аудандағы күніне 1200-ден аса тұрғын келетін халыққа қызмет көрсету орталығының ұжымына да насихаттау жүргізілді.
«Қызметкерлер тікелей халықпен жұмыс істегендіктен, жұмысқа кірмес бұрын Этика және эстетика кодексін міндетті түрде тапсырады. Сонымен қатар, біз де квалификациямызды жоғарылатып отырамыз. Бұдан басқа бізде тест, соынмен қатар біздің қызметкерлермен психолог жақсы жұмыс істейді», – деді Әуезов аудандық ХҚКО басшысы Айнұр Ұйқасбаева.
Ал, Алматыда барлығы 68 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оның ішінде 37-сі жергілікті атқарушы органдар болса, 31-і аймақтық мемлекеттік органдар. Ондағы штат саны 4 мың бір жүз қызметкерден асады.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы