Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толуына орай оларды баспанамен қамту жоспарлануда
Алматыда «Ізгілік елшісі» деген атпен игі іс жасау науқаны жалғасып жатыр. Бүгін жомарт жандар көпбалалы имамдар мен жағдайы төмен отбасыларға киім-кешек толы сөмке табыстады. Шараға қайырымдылық қоры мен кәсіпкерлер ұйытқы болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
45 жастағы Айсұлу Серікованың 9 баласы бар. Ұл-қыздарының ең үлкені 22-ге толса, ең кішісі бір жаста. Отбасы Алматыдағы Наурызбай ауданында пәтер жалдап тұрады. Көпбалалы жанұя тұрмыста таршылық көргенімен, ешқашан мойыған емес. Батыр ана әр бала өз несібесімен дейді. Дегенмен, қайырымды жандар қолдап отырса, артық етпейді. Сөзінше, бүгін аз да болса балалардың киім-кешегін түгендеп алдым деп отыр.
«Көпбалалы аналарға осындай шаралар көп болса екен дейміз. Үкіметтен алғанды балаларға жаратып отырмыз. Қатты қиындық деп айтуға болмайды. Аллаға шүкір! Шүкірлік ету керек», - деді көпбалалы ана Айсұлу СЕРІКОВА.
Бүгін көпбалалы Айсұлу секілді 50-ден аса отбасы осындай киім толы сөмке алды. Оның қатарында, көп бала асырап отырған имамдар да бар.
«Мешіттер еш жерден қаржыландырылмайды. Бюджетке қарамайды. Сондықтан, мешіттің бүкіл шығындары осындай ұйымдастырылып жатқан іс шаралардың барлығы демеушілердің, мұсылман қауымның жамағаттың арқасында ұйымдастырылып жатыр. Көпшілікті мен ортақ іске, қайырымды іске шақырамын. Барлық ісімізге Алла разы болып, халқымызға Алла тыныштық берсін», - деді Наурызбай аудандық «Әбу-бәкір» мешітінің бас имамы Әсет АТАШОВ.
Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай, дін қызметкерлеріне көп көңіл бөлінбек. Енді оларды баспанамен қамту мәселесі қарастырылуда.
Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы