Алатау және Наурызбай аудандарында шырша жағылды

21.12.2019 04:22

12 метрлік жаңа жылдық шыршаға жарықдиотты жылтырлар қапталып, диаметрі 15 және 25 см-ді құрайтын ойыншық шарлар ілінген

Алматыда жаңа жылдық мерекеге дайындық шаралары басталып кетті. Қаланың барлық аудандарында бір мезгілде шыршалардың шамдары жағылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Қалың жұртшылықтың асыға күтіп, сүйіп қарсы алатын, жаңа үміттерге толы Жаңа жыл мерекесі жақындап қалды. Санаулы күндерден кейін тағы бір жыл тарих қойнауына енбек. Осы орайда, Наурызбай ауданы атаулы мерекеге үлкен дайындық жасап, Жаңа жылдық шыршаны жағу рәсімін өткізді. Арнайы концерттік бағдарлама қойылып, жиналған  аудан тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйланды.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, жаңа жылдық мереке қарсаңында Наурызбай ауданы келер жылдың бастамасы ретінде шыршаның отын тұтатты. Аталмыш шараға аудандағы «Позитив» орталығының ертегілер кейіпкелері келіп, тұрғындар арасында көңілді викториналар мен ойындар ұйымдастырды. Ал, әкімшіліктің алдында орнатылған 12 метрлік жаңа жылдық шыршаға жарықдиотты жылтырлар қапталып, диаметрі 15 және 25 см-ді құрайтын ойыншық шарлар ілінген. Әсем безендірілген шыршаны жағу рәсіміне жиналған аудан тұрғындары ерекше кеште өз қуаныштарын жасырмады.  

«Бір ерекше салтанатты күн болып тұр. Өйткені, мына 2019 жыл аяқталып келе жатыр. 2020-шы жыл жақындап қалды. Біздің Наурызбай ауданында салтанатты шырша жағу рәсімі болып жатыр. Ол мына аудан тұрғындары үшін өте қуанышты, әдемі, шыршаның өзі әдемі безенген», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығының үйлестірушісі Нағикүл БИСЕМБИНА.

«Біздің ауданда енді өз шыршамыз бар. Тамаша мұз айдынымыз бар. Менің ойымша, біздің аудандыкі ең жақсысы – керемет жарықтандыру, әсем иллюминация! Барлықтарыңызды Жаңа жылмен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық тілеймін! Жаңа жылдарыңызбен», - деді Галина ГАМАЛЕЙ.

Салтанатты рәсімнен кейін аудан тұрғындарына тарту етілген концерттік бағдарлама эстрада жұлдызы Ақылбек Жеменейдің ән шашуымен жалғасын тапты. Ал, шырша жанындағы мұз айдыны, тіпті, сиқырлы кейіпке еніп, көздің жауын алады. Аудан әкімшілігінің алдында орын тепкен  - Тегін қысқы ойын-сауық орнын жақында қала әкімі өзі келіп, ашқан болатын. Тұрғындардың айтуынша, бұл жер уақытты тиімді өткізіп, балалардың ойнауына ыңғайлы.  

«Шыршаның ашылу салтанаты болып жатыр. Қуаныштымыз, сонымен бірге балаларымыз ойнайтын каток ашылып жатыр. Үлкен рахмет! Наурызбай ауданының әкіміне және әкімдікте істейтін барлық қызметкерлерге алғыс айтамыз! Мерекелеріңіз құтты болсын», - деді Меруерт ҚОҚЫМБАЕВА


Жаңа жылдық шыршаның отын жағу салтанаты Алатау ауданында да әсерлі өтті. Әкімдіктің дәл алдына қойылған шырша тұрғындарға ғажайып сыйлайтындай ауданның сәнін кіргізуде. Күннің суығына қарамастан, шамы жарқыраған шыршаны тамашалауға аудан азаматтары көп жиналып, көңіл көтерді.    

«Балаларымыз мәз шыршаны көріп. Осы әкімшілікке көп-көп рахмет! Өзім де көп балалы анамын. Бізге де көп жасап жатқан игі істері бар.Оларға да рахмет айтамын. Шыршамыз, әрине, көңілімізді көтеріп жіберді», - деді  Ақмарал ЖОЛДЫБАЕВА.


Алматының әрбір ауданында мерекелік шыршалардың шамын жағу салтанаты - жаңа жылдық мейрамның бастамасы ғана болып отыр. Алдағы уақытта қалада мерекелік үлкен іс-шаралар ұйымдастырылады деп жоспарлануда.  

Аяулым Көлжігіт, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы.