Жаңа еңбек университеттерге, ғылыми институттарға, орталық және өңірлік кітапханаларға жіберіледі
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» жинағы жарық көрді. Үш томдық еңбекке зобалаң жылдарға қатысты тың деректер мен құжаттар енген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың біразы бұған дейін еш жерде жарияланбаған және Қазақстан ғылымында бұрын-соңды айтылмаған. Ал, кітаптағы кейбір анықтама, бұйрық, қарар сияқты құжаттар көпке дейін аса құпия мәлімет ретінде сақталып келген. Бүгін Сенатта жинақтың таныстырылымы өтті.
«Құжаттар еліміздің орталық және өңірлік архивтерінен алынған. Басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған деректер де кітапқа енгізілді. Соның арқасында бұрын қолға түсіру қиын болып келген бірқатар тың мәліметтер мен құжаттар көпшілік үшін қолжетімді болып отыр. Сондықтан осы көптомдықты ашаршылық кезеңінің хронологиясы деп айтуға болады», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Жаңа еңбек университеттерге, ғылыми институттарға, орталық және өңірлік кітапханаларға жіберіледі. Осылайша ашаршылық туралы архив материалдарымен қалың оқырман терең таныса алады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында осындай іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор дейді ғалымдар мен кітапты құрастырушылар.
«Мұның барлығы мемлекет басшысының аштық тақырыбын терең зерделеу, тарихи мәліметтер мен құжаттарды жинақтау туралы берілген тапсырмасының негізінде жүзеге асты... Осы еңбек үлкен, толайым ауыз толтырып айтатын зерттеу. Құжаттардың барлығын бір жерге жинақтау мақсатында және тарихи зердемізді қайта жаңғыртуға бағытталған үлкен еңбек деп бағалауға болады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.