Ақжар ауданы Горьковский ауылы тұрғынының мал сою кезінде күйдіргі ауруын жұқтырып алғаны белгілі болды
Солтүстік Қазақстанда ірі қара малдан сібір жарасы табылды. Ақжар ауданы Горьковский ауылы тұрғынының мал сою кезінде күйдіргі ауруын жұқтырып алғаны белгілі болды. Оқиға орнынан сынама алынып, лабораториялық зерттеуге жіберілген, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ауру ошағында 57 байланыста болған адамдар анықталып, олар медициналық күнделікті бақылауға алынған. Олар күнде клиникалық тексерістен өтіп, кұніне екі рет дене температурасы өлшеніп, тері қабыршықтары қаралып, бақылауда болады. Сонымен қатар, қатынаста болған тұлғаларға шұғыл антибиотикалық профилактика жүргізілуде», – деді Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің аса қауіпті жұқпалы аурулар бөлімінің бас маманы Толқын Қаженова.
Сібір жарасынан 1 бас ірі қара мал мерт болды. Әзірше, мал өлімінің жаңа фактілері тіркелмеген. Ауылдық округ әкімінің тапсырмасымен мал індеті табылған шаруа қожалығы карантинге жабылды. Бүгінгі күні ауру ошағын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Солтүстік Қазақстанда сібір жарасы соңғы рет 27 жыл бұрын Тимирязев ауданында тіркелген еді.
«Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың күшімен карантиндік аймақта, жақын арада мәжбүрлі вакцинация мен дезинфекция жүргізіледі. Дәрі-дәрмектер және жабдықтар толық көлемде бар. Инфекция жойылып, барлық ветеринариялық-санитариялық жұмыстар аяқталғаннан кейін, яғни 15 күннен кейін карантин алынып тасталады», – деді Облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Сергей Калякин.