5 жыл бойы қашып жүрген: адам ағзасын саудалады деген әйел Польшада ұсталды

13.03.2025 12:00

Тергеу мәліметтеріне сәйкес 2017-2018 жылдары бұл қылмыстық топ Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған

niu niu/unsplash.com/

Адам ағзаларын саудалаумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деп айыпталған 35 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұранысы бойынша Польшаның құқық қорғау органдары Украина-Польша шекарасындағы теміржол өткізу пунктінде 35 жастағы әйелді ұстады.

Ол Қазақстанның құқық қорғау органдары тарапынан 2020 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген.

Ұсталған әйел адам ағзаларын саудалаумен айналысқан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметтеріне сәйкес 2017-2018 жылдары бұл қылмыстық топ Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған.

Қылмыстық схемаға Израиль, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары тартылған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, күдікті донорлар мен реципиенттерді қарсы алып, орналастыру, олардың медициналық тексерістен өтуін ұйымдастыру, шығындарын өтеу және құпиялықты сақтау жұмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ, донорларға реципиенттермен туыстық байланысы туралы жалған ақпаратты жаттатқызған.

"Қазір ұсталған күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеу амалдары жалғасып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Оқи отырыңыз: Ерменсай шағынауданы тұрғындары үшін қосымша автобустар іске қосылады