700 адамды алдап кеткен: Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар сотталды

20.02.2025 21:41

Сот қаржылық пирамиданың құрылымдық бөлімшесін басқарғаны үшін үкім шығарды

Аlmaty.tv

Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында аса ірі көлемде қаражат тарту арқылы «С» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарғаны үшін 3 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, сотталушылар З., Б., және С., 2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта алдын ала сөз байласу арқылы топ болып, «С» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің басшылары бола отырып, аталған компанияға инвестиция тартып, Алматы қаласының аумағында және басқа аймақтарында медициналық инвестициялар, қаржылық қызмет көрсету және басқа да тауарларды сату саласында қызмет көрсетеді деп хабарлаған.

«Жеке материалдық игіліктерді алу үшін олар инвесторларға сайтта тіркелу және инвестициямен депозиттер салу шартымен ешбір тәуекелсіз тұрақты негізде кепілдендірілген кіріс алуға уәде берді. Осы депозиттер бойынша пирамидаға қатысушыларға бонустар түрінде дивидендтер түскен. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде 700-ден астам жәбірленушіге жалпы сомасы 1 594 317 798 теңге материалдық шығын келтірілген», - делінген сот хабарламасында.

Сотталушылар З., Б., С. кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады.

Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде барлық сотталушылардың бұрын сотты болмағанын және Б. мен С.-ның кішкентай балалары бар екенін ескерді.

«Сот үкімімен сотталушылар З.,Б., және С. қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, З.есімді азамат 7 жылға, ал Б. және С. 5 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: ШҚО-ға қарасты ауданда жұмыс уақыты бір сағатқа кері шегерілді