Абай облысында ауыл тұрғындары ішімдіктен бас тартты

18.03.2025 13:28

Ақсуат ауданындағы Қожакелді ауылы Абай облысы бойынша ішімдіктен бас тартқан төртінші елдімекен болып отыр

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жергілікті әкімдік, ақсақалдар кеңесі, ауыл имамы, полицейлер мен тұрғындардың қатысуымен өткен жиналыста ішімдіктен түбегейлі бас тарту туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Бұл салауатты өмір салтын ұстанып, тұрақтылық пен тәртіпті күшейте түсу үшін жасалып отыр. Бірақ онсыз да Қожакелді ауылында соңғы бес жыл ішінде алкогольді ішімдіктерді ішіп барып жасалған бірде-бір қылмыс немесе құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Бұл тұрғындардың жауапкершілігін көрсетеді", - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінен.

Ауыл жұртшылығы ішімдіктен бас тарту отбасылық құндылықтарды нығайтып, жастарға үлгі болатынына сенімді.

"Ішімдік ішілмейтін шаңырақта қуаныш, шаттық көбірек. Көшелерде де тыныштық орнай түседі", - дейді ақсақалдар.

Осыған дейін өңір бойынша Кеңгірбай би, Бөкенші және Кіндікті ауылдарының тұрғындары да ішімдіктен бас тартқан.

Дереккөз: ҚазАқпарат.

Оқи отырыңыз: Наурыз қарсаңында Алматыда эко-фестиваль өтеді