Бүгінде кезекте тұрғандар саны 19 850 адам
2024 жылы Абай облысының Құрылыс басқармасы 364 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Абай облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіштің 100,1 пайызын құрайды. Бұл жүздеген отбасыға баспаналы болуға мүмкіндік берді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін пәтерлерге ерекше назар аударылып, жалпы ауданы 79,5 мың шаршы метр болатын 1070 пәтер сатып алынды. 2024 жылы кезекте тұрған 848 адам баспанамен қамтамасыз етілді. Олардың ішінде 155 жетім бала, 307 халықтың әлеуметтік осал топтары, 225 көпбалалы отбасы, 91 мемлекеттік қызметкер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, үйлері апатты деп танылған 70 жерлесіміз бар.
«Облыс биыл да несиелік тұрғын үй құрылысын белсенді жалғастыруды жоспарлап отыр. Көпқабатты үйлермен қатар жеке секторлы үйлер де салынады. Семей және Аягөз қалаларында жалпы ауданы 54,6 мың шаршы метрді құрайтын 14 үйдің құрылысы жүруде. Алдағы уақытта тағы 6 көп қабатты құрылысы басталады. Бұл көптеген отбасыларға тиімді шарттармен жеке баспана сатып алуға мүмкіндік береді», - дейді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, облыста тұрғын үйге сұраныс жоғары. Бүгінде кезекте тұрғандар саны 19 850 адам.
Қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудегі негізгі шаралардың бірі «Отбасы Банк» АҚ арқылы бағдарламаларды жүзеге асыру болып қала береді. Қазір үш негізгі бағдарлама ұсынылуда: Несие мерзімі 19 жылға дейінгі «Наурыз» бағдарламасы, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 9% – ға дейінгі «Отау», сондай-ақ «ТКШ дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберіндегі бағдарлама ХӘОТ үшін – 2%, қалған кезекте тұрғандар үшін – 5%. Жалпы, соңғы бір жылда 1695-тен астам адам түрлі ипотекалық бағдарламалар арқылы жаңа пәтерлер мен үйлерде қоныс тойын тойлады.
«Семей қаласы әкімдігі мен «Отбасы» банкі бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Абай жастары» өңірлік бағдарламасын ерекше атап өткен жөн. Бұл бастаманың мақсаты – білікті мамандарға жеке баспана сатып алу мүмкіндігін беру арқылы қолдау көрсету, сол арқылы жалдау ақысын төлеу қажеттілігін болдырмау. Бағдарлама аясында 2024 жылы облыстың жұмысшы жастары арасынан 19 отбасы баспаналы болды. Аягөз ауданында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жастар бағдарламасы жүзеге асып жатыр», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Барлық санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы 2025 жылы жалғасады.
Оқи отырыңыз: Қолжетімді баспана: Ақтөбе облысындағы отбасылар пәтер кілтін алды