Жас жігітті өтіп бара жатқан адамдар байқап, полицияға хабарласқан
Абай облысында полицейлердің көпірде жігітті құтқарған сәті видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
4 сәуірде көшеде өтіп бара жатқан адамдар көпірден секіруге дайындалып тұрған жас жігітті байқап, полицияға хабарласқан.
Оқиға орнына дереу жеткен патрульдік полиция экипажы, атап айтқанда полиция қызметкерлері Нұржан Оралтаев пен Нұрсұлтан Айып жігітке жақындаған. Олар үйлесімді әрекет етіп, екі жақтан жігітті әңгімеге тарта отырып, оның назарын өздеріне аударып, қауіпті әрекеттің алдын алуға тырысқан.
Осы кезде басқа полицейлер жолдағы қозғалысты реттеп, көпір үстінде көлік кептелісін болдырмауға күш салады.
«Жігіт сәл алаңдаған сәтте, тәртіп сақшылары оны шапшаң түрде қолынан ұстап, қауіпсіз аймаққа сүйреп шығарды. Қарсылық көрсеткеніне қарамастан, полицейлер оны ұстап қалып, психологиялық қолдау көрсете білді», - делінген хабарламада.
Уақытылы әрекет пен кәсіби шеберліктің арқасында полицейлер 25 жастағы азаматтың өмірін сақтап қалды. Ол емдеу мекемесіне жеткізілді.
Оқи отырыңыз: Премьер-министр Қазақстанның еңбек сіңірген геологтарын марапаттады