Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Абай институтын мәдени-ағарту орталығына айналдыруды тапсырған
Биыл қазақ халқының дана ойшылы, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Абай институтын мәдени-ағарту орталығына айналдыруды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлы ақынның 180 жылдығына орай, ел көлемінде түрлі мәдени-ағарту іс-шаралары ұйымдастырылып жатыр. Ал Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ғылым апталығы өтіп жатыр. 14 сәуірге дейін жалғасатын іс-шара барысында бірнеше зертхана ашылып, ғылыми семинарлар, ашық дәрістер мен пәндік олимпиадалар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар ғылыми және ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша ауқымды жұмыс басталған.
«Дәстүрлі өтетін ғылым апталығы биыл қазақтың бас ақыны Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Осы бағытта кеше Жамбыл 25 корпусында біз Abai Labs технопаркінің тұсаукесерін өткіздік. Сол лабораторияға қарасты VR және AR технология зертханасы ашылды», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Ертай Сұлтан.
Университетте 100-ден аса іс-шара өткізу жоспарланған. Өнер факультетінің ұйымдастыруымен Абай шығармашылығына арналған көрме өтті. Оған студенттердің өнер туындылары қойылған.
«Абай жолымен» атты көрме Орталық мұражайда басталды. Екінші көрмесі Өнер факультетінің жасампаз галереясында жүзеге асырылып жатыр. Ертең халықаралық конференция өтеді», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ Өнер факультетінің деканы Кәрім Байқұтов.
Айта кетейік, Президент ұлттық құрылтайда «Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталыққа айналуы тиіс» деді. Ол бірқатар елде, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатынын жеткізді.
Оларды ашу мәселесін Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына тапсырды.
Олжас Омарбек, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Abai Labs инновациялық паркінде зертхана ашылды