Адал еңбек абыройға бөлейді - өрт сөндіруші

27.12.2024 21:20

Өрт сөндірушілер жұмысы ауыр еңбек болғандықтан физикалық, психологиялық даярлық оқуларын оқып тұрады

«Адал еңбек абыройға бөлейді».  Бұл – адам өміріне араша болып жүрген өрт сөндірушілердің пікірі. Кәсібін өмірінен биік қоятын азаматтар отпен де, селмен де күресуге қауқарлы. Биыл көктемдегі су тасқыны кезінде қол ұшын созып, талай азаматтың өмірін сақтап қалған олар ерекше алғысқа бөленген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өрт сөндіруші атану – үлкен жауапкершілік. Құтқару қызметі тек қызыл жалынмен емес, түрлі апатпен күресуге жұмылдырылады. Алматы қалалық №7 өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарып келе жатқанына 3 жыл болған Асанәлі Нарымбетов бала күнінен адам өмірін құтқаратын маман болуды армандаған. Бүгінде аға өрт сөндіруші болып жүрген ол күннің көзі, желдің өтіне қарамай талай өмірге араша болған. Маман елімізде көктемде болған су тасқыны кезінде де солтүстік өңірлерге барған арнайы құрам қатарынан табылған.

"Өрт оңай не қиын деп бөлінбейді. Әрине, дабыл кезінде «адамдар аман-есен бе?» деп уайымдап барамыз. Себебі тек өрт сөндірумен айналыспаймыз. Су тасқыны кезінде адам өмірін құтқарамыз. Петропавл қаласына мен құтқару жұмысына бірінші рет бардым, 10 күнде кемінде 10-20 адамды аман алып қалдық", – деді аға өрт сөндіруші Асанәлі Нарымбетов.

Өрт сөндірушілер жұмысы ауыр еңбек болғандықтан физикалық, психологиялық даярлық оқуларын оқып тұрады. Бөлім айына 20-дан аса төтенше жағдайды жоюға қатысса, оның басым бөлігі қызыл жалынмен күрес.

Төтенше жағдай кезінде жылдам шешім қабылдап, табандылық таныту маңызды. Сондықтан өрт сөндірушілер дабыл қағылғанда 2 минут ішінде жиналып, оқыс оқиға орнына он минут аралығында жетеді. Ұжымдық жұмыс темірдей тәртіпті қажет етеді.

Өмір мен өлім арасында жүрген маман иелері ұжымдық жұмысқа аса мән береді. Бірлесе қызмет атқарғанда ғана нәтижеге қол жеткізуге болатынын білетін олар бір-бірін үнсіз ұғынатын дәрежеге жеткен.

"Жұмыс адамның жасына емес, іс-әрекетіне байланысты бағаланады. Өз-өзін қалай көрсетеді, батылдығына байланысты, себебі ісіміз бір-біріміздің іс-қимылымызға байланысты нәтиже береді. Тілсіз түсінеміз, әркім өз қимыл іс-әрекетін біледі", – деді бөлімше командирі Ернар Тұрлыжан.

Өзгелерді құтқарамын деп өз өмірін қатерге тігетін маман иелері ауысыммен жұмыс істейді. Десе де толық демалыс жоқ. Себебі төтенше жағдай бола қалса, құтқару қызметі әрқашан байланыста болуы керек.

Жансая Олжабек, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Мұғалім еңбегі шәкірт жетістігімен бағаланады - Айдана Айдарова