Қырғыз Республикасының ІІМ-мен өзара іс-қимыл барысында Бішкекте 39 жастағы қазақстандық ұсталды
ТМД елдерінің Ішкі істер министрліктері бірге іздеуде жүрген адамдарды ұстау, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткендерді анықтау бойынша жедел-профилактикалық іс-шара өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қырғыз Республикасының ІІМ-мен өзара іс-қимыл барысында Бішкекте 39 жастағы қазақстандық ұсталды. Ол 13 жыл бұрын Жамбыл облысында жасалған топтық зорлауға қатысқаны үшін іздеуде жүрген.
Ресей Федерациясы ІІМ Қылмыстық іздестіру бас басқармасымен ынтымақтастық нәтижесінде Сочиде 22 жастағы қазақстандық құрықталды. Ол Жетісу облысының аумағында бірқатар интернет-алаяқтық жасағаннан кейін жасырынып келген.
Павлодар облысы ПД жедел-іздестіру тобы ресейлік әріптестерімен бірге Грозныйда 52 жастағы ер адамды ұстады. Ол 1996 жылы Павлодар облысының Бобровка ауылында жергілікті тұрғынға қарақшылық шабуыл жасаған.
Жамбыл облысы Қордай ауданының аумағында Өзбекстанның 47 жастағы азаматы құрықталды. Ол өз жұбайын өлтіріп, жасырынып жүрген.
Елордада Германияның 58 жастағы азаматы ұсталды. Күдікті Гамбургте аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін өз елінің Интерполымен іздеуде жүрген.
Одан бөлек, адам өміріне қастандық жасағаны үшін Түркияның құқық қорғау органдарымен іздестіріліп жүрген 33 жастағы шетелдік құрықталды.
Өзбекстан ІІМ-мен бірге жамбылдық полицейлер Байзақ ауданында көрші елдің 46 жастағы азаматын ұстады. Ол 2009 жылдың қаңтарынан бастап адам саудасы үшін іздеуде болған.
Алматы облысы ПД қызметкерлері өткізген іс-шаралардың нәтижесінде Еңбекшіқазақ ауданында кісі өлтіру қылмыстары үшін іздеуде жүрген аталған ауданның 33 жастағы және 27 жастағы тұрғындары ұсталды.
Хабар-ошарсыз кеткен 56 адамның, оның ішінде 10 кәмелетке толмаған баланың жүрген жері анықталды. Мысалы, Түркістан және Маңғыстау облыстарының ПД қызметкерлерінің бірлескен жұмысының арқасында 31 наурыз күні үйінен шығып кеткен 15 жасар қыз Ақтауда табылды.
Жедел іс-шараның екі күнінің қорытындысы бойынша іздеуде жүрген 284 қылмыскер ұсталды:
Оның ішінде республикадан тыс жерлерде 32 ұсталған, басқа елдерге 164 қылмыскер берілді.
Оқи отырыңыз: Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасады