АЭС: Үлкен ауылында индустриалды аймақ құрылады

Almaty.tv
Almaty.tv

лматы облысының әкімі Марат Султангазиев Жамбыл ауданының Улкен ауылына жұмыс сапарымен барды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының әкімі Марат Султангазиев Жамбыл ауданының Улкен ауылына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында өңір басшысы негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесіп, АЭС жобасын жүзеге асыруға байланысты ауылды дамыту мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды 

Сапардың маңызды бөлігі – Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жоспарланған аумақпен танысу болды. Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертастың сүйемелдеуімен өңір басшысы жер телімінің сипаттамаларын зерттеп, стратегиялық жобаны іске асыру перспективаларын талқылады.

АЭС құрылысы мен оның одан әрі пайдаланылуын қажетті ресурстармен және қызметтермен қамтамасыз ету үшін облыс әкімі Индустриалды аймақ құруды тапсырды. Бұл аймақ қосалқы және ілеспе бизнестерді, сондай-ақ кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар мамандар мен жұмысшылар үшін қолайлы жағдай жасайды.

Әкім ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Су алу торабын қарап шыққан соң, өңір басшысы үздіксіз сумен жабдықтаудың маңыздылығын атап өтті. «Жамбыл Су» ШЖҚ МКК директоры Алмас Кемельбеков жүйені жаңғырту жұмыстарының барысы туралы баяндап, бұл процестің жергілікті билік тарапынан тұрақты бақылауда екенін жеткізді.

Сондай-ақ жол инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі талқыланды. Облыс әкімі су құбырлары желілерін кешенді жаңарту жұмыстарын жүргізіп, жол сапасын жақсартуды тапсырды. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге ықпал етеді.

Сапар аясында өңір басшысы «Абылхайыр» ЖШС балық өңдеу зауытына барды. Кәсіпорын директоры Руслан Мурзалиевтің айтуынша, зауыт жылына бірнеше тонна балық өңдеп, көксерке филе өндіру қуаттылығы 770 тоннаны құрайды.

«Ауыл шаруашылығын дамыту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Мұндай кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикалық өсімге ықпал етеді», – деп атап өтті Марат Султангазиев.

Сонымен қатар, өңір басшысы ауылдық амбулатория құрылысының барысымен танысты. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұғамедғарип Құрманғалиев жобаның қазіргі жағдайы туралы баяндады.

Бұрынғы балабақша ғимаратын қайта пайдалану мәселесі де көтерілді. Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас жергілікті билік бұл нысанды тиімді қолданудың әртүрлі нұсқаларын қарастырып жатқанын айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаевқа ауылдағы ғимараттардың жағдайына кешенді тексеру жүргізіп, қажетті жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды.

Улкен ауылында 1200 пәтер бар, оның 600-іне тұрғындар қоныстанған, ал 500 пәтерге қайта қоныстандыру жоспарлануда. Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы бұл мәселені жан-жақты қарастыруды тапсырды.

Туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, жағалау аумақтарын абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл өңірдің туристік әлеуетін арттырып, қосымша инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.

Жергілікті тұрғындармен кездесуде жылу, су және электрмен қамтамасыз ету, сондай-ақ абаттандыру мәселелері талқыланды.

«Біз халықтың ұсыныстарын ескеріп, ауылды дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру үшін бар күшімізді саламыз. Сапалы инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар – тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың негізгі факторлары», – деп атап өтті облыс әкімі.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Марат Султангазиев жергілікті билікке Улкен ауылын дамыту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды және көтерілген барлық мәселелердің өзінің жеке бақылауында болатынын жеткізді.

Новости партнеров