Жазушы шығармалары арқылы халықтың өткені мен бүгіні туралы сыр шертіп, қазақтың рухани әлемін тереңінен суреттеді
Қазақтың абызы, көрнекті зерттеуші, әдебиет заңғары. 85 жасқа қараған шағында халық жазушысы Мұхтар Мағауин дүниеден озды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаламгердің туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, "Түркі дүниесіне қызмет" сыйлығының сахибы артына өлшеусіз мол мұра қалдырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Семей облысы Шұбартау ауданының Баршатас ауылында дүниеге келген Мұхтар Мағауин халық әдеби мұрасын терең зерттеп, өркендеуіне айрықша үлес қосты. Бала кезінен әдебиетке құштар болған қаламгер шығармашылыққа ерте араласқан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде білім алып жүріп, әдебиет саласында зерттеуші, жазушы ретінде кеңінен танылды.
"Мұхтар Мағауин - халқының жүрегінен ойып тұрып орын алған жазушы. Сонау алғашқы Мемлекеттік сыйлық берілген "Аласапыран" тарихи романынан бастап соңғы Шыңғысхан туралы романына дейін жазғандары көл-көсір. Бұл кісінің бір ғажайып қасиеті – ағыл тегіл... ағыл-тегіл білімге ие тұлға болды", - деді халық жазушысы Смағұл Елубай.
Оқи отырыңыз: Халық жазушысы Мұхтар Мағауин дүниеден өтті
Жазушы шығармалары арқылы халықтың өткені мен бүгіні туралы сыр шертіп, қазақтың рухани әлемін тереңінен суреттеді. "Шақан-Шері", "Сары қазақ", "Көк Мұнар" сынды романдары мен әңгіме-повестері де оқырманның жастана оқитын шығармаларына айналды. Мұхтар Мағауинның «Бес ғасыр жырлайды», «Қобыз сарыны», «Алдаспан» және тағы басқа ғылыми еңбектері - ұлттық руханият шамшырағы.
"Қазақ әдебиетіндегі үлкен тұлға, үлкен терек құлады. Қазақ әдебиеті үшін көп нәрсе жасап еді. Әсіресе, оның ең үлкен еңбегінің бірі – "Бес ғасыр жырлайды" деген жинақ. Оны өзі құрастырып жинап кетті. Мұхтар болмағанда сол дүниенің көбі сол бойы көмбеде қалатын еді. Енді әдебиетке Мұхтардай мықты тұлғалар келмейді", - деді жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков.
Жазушының еңбектері әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, халықаралық деңгейде танылды. Соңына бай әдеби мұра қалдырған Қазақстанның Халық жазушысы Түркияның "Түркі дүниесіне қызмет" халықаралық сыйлығының сахибы, Ұланбатырдағы халықаралық Шыңғыс хан академиясының құрметті академигі сынды түрлі марапатқа ие болды. Сүбелі еңбектерімен қалың оқырманның сүйікті жазушысына айналған әдебиет алыбының есімі ел жадында мәңгі сақталмақ.
Жансая Олжабек, Сағынғали Мұңайтпасов, AlmatyTV
Оқи отырыңыз: Президент Мұхтар Мағауиннің отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады