Айына 75 мың теңге: қарағандылықтар электр энергиясы құнының шамадан тыс өсуіне наразы

24.02.2025 20:14

Бұқара аталған мәселеге монополияға қарсы департаменттің араласуын сұрап отыр

Қарағандылықтар электр энергиясы құнының шамадан тыс өсуіне наразы. "Түбіртектегі төлем сомасы миға кіріп-шықпайды"деген олар мәселеге құзырлы органдардың араласуын сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл пәтерде жылу жүйесі атымен жоқ. Қақаған қыста мұндағылар электр жылытқышы арқылы  жан бағады. Бірақ соған қарамастан, түбіртектегі төлем мен есепшоттағы сандар жұрттың жағасын ұстатыпты. Ай сайынғы ақысы аспандап кеткендердің бірі - Оксана Латыпова. Үш бөлмелі пәтерде тұратын ол қаңтар үшін электр энергиясына 75 мың теңге төлеу қажет. Бұл желтоқсанмен салыстырғанда 20 мың теңгеге артық.

"Өткен айда 57 400 теңге болған, осы ай 75 мың теңгеге түбіртек келді. Бұл – масқара жағдай. Жылу мен жарыққа осындай ақша беретін болсақ, не жанымыз қалады? Мұны шешу керек", – деді қала тұрғыны Оксана Латыпова.

Ал Ирина Пустовалованың үйі бес бөлмелі. Пәтерді түгелдей жылытуға зейнеткердің қауқары мен қалтасы жетпейді. Сондықтан құрқылтайдың ұясындай бөлмеде амалдап бой жылытуға мәжбүр.

"Бір жылытқышпен аядай  бөлмеде отырамын. Артық ақша төлегенше, осы дұрыс. Үйде сырт киіммен жүремін. Амалым қанша? Мұндай қаржыны төлеуге шамам жетпейді. Шыны керек, шаш етектен шығынға баттым", – деді қала тұрғыны Ирина  Пустовалова. 

Мәселені айтып, тиісті орындарға бардық. Жауаптылар әкімдік пен мәслихат деңгейінде  қордаланған мәселені бірнеше рет көтердік деп ақталды. Бірақ одан нақты нәтиже болмаған. Ал "Қарағанды Жарық" компаниясы тұрғындар шағымынан соң аталған көшедегі пәтерлердің есептегіш қондырғысын қайта қарады.

"Коммерциялық есепке алу жүйелерінде бұзушылықтар табылған жоқ. Схема стандартты. Үшінші тараптан ешкім қосылмаған. Барлық есеп дұрыс. Сондықтан энергия құнын есептеуде қате кетті дей алмаймыз", – деді "Қарағанды Жарық" ЖШС электрмен жабдықтау департаменті директорының орынбасары Валерий Дударь.  

Сынамадан кейінгі жауап бұқараның көңілін көншітпеді. Олар бұл есепке әлі де күмәнмен қарайды. Сондықтан бұқара аталған мәселеге монополияға қарсы департаменттің араласуын сұрап отыр.

Жанбота Бейсембайұлы, Айнұр Бексұлтанқызы, Қарағандыдан

Оқи отырыңыз: Ата жолы: 38 азамат сұранысқа ие мамандықтар бойынша карта алған