Олардан келген шығын сомасы 5 млрд теңге болған
Ақмола облысының прокурорлары 450 тұлғаға қатысты заңсыз несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағандай, өткен жылдың сәуір айында Зеренді ауданының прокурорымен аудан халқымен кездесу барысында, белгісіз тұлғалардың әлеуметтік осал топтарына жататын аудан тұрғындарының атына ақшалай несие рәсімдеу фактісі анықталған.
Осыған орай, аудан прокурорының бастамасымен жедел іздестіру шаралары басталған.
Нәтижесінде 2024 жылдың қараша айында алаяқтық дерегімен қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру Ақмола облысы прокуратурасының Арнайы прокурорларына жүктелген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұйымдасқан қылмыстық топ анықталып, оның мүшелері алдау жолымен екінші деңгейлі банктерден ақша қаражаттарын жымқырғаны әшкерленді.
"Топ мүшелерінің әрбір қатысушының рөлдері, міндеттері және әрекеттері нақты бөлінген. Алаяқтар 450 тұлғаға қатысты 5 млрд теңге шамасында заңсыз несие рәсімдеген. Осы орайда еліміздің бірнеше облысының тұрғындары алаяқтардың құрбанына айналған”, - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша 24 тұлға күдікті деп танылып, оның 15-і соттың санкциясымен қамаққа алынды.
Тергеп-тексеру жалғасуда.
ҚПК-тің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге мәліметтер жариялануға жатпайды.
Оқи отырыңыз: Жылжымайтын мүлік сатып аларда, алаяқтардан қалай сақтануға болады