Енді жергілікті жерлерде басшылардың қатысуымен мұндай жиындар тұрақты түрде өтіп тұрмақ
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне арналған жиын өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосуға Алматы қаласы, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің, Бас прокуратураның басшылығы және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.
Жиында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева баяндама жасады. Олар бала құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелеріне тоқталды.
«Осыған орай Мемлекеттік кеңесші балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне аймақ басшылығы баса мән беріп, бұл істі тұрақты бақылауға алуы қажет екеніне назар аударды. Сонымен бірге жергілікті жерде басшылардың қатысуымен осындай жиындар тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті», - делінген хабарламада.
Ерлан Қарин бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра беруді және тиісті іс-шараларды пысықтауды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде мектеп оқушысын жасөспірімдер соққыға жығып, пышақтап кеткен