49 жастағы тұрғын әуежайдың тексеру қызметінің инспекторын балағаттаған
Оқиға Ақтау қаласының әуежайында ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде болған. 49 жастағы қала тұрғыны масаң күйінде болып, әуежайдың тексеру қызметінің инспекторына балағат сөздер айтып, ескертулерге құлақ аспаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Полиция қызметкерлері құқықбұзушыны ұстап, оған қатысты алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік хаттама толтырды", - делінген хабарламада.
Ұсақ бұзақылық бойынша іс шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері 53-ке жуық ұсақ бұзақылық фактілерінің жолын кесті. Бұл деректердің барлығында құқықбұзушылар заңға немқұрайлы қарап, қоғамдық тәртіп пен басқа азаматтардың тыныштығын бұзған.
Түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 54 жолаушы, оның ішінде 31-і қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін әуе рейстерінен түсірілді.
Оқи отырыңыз: Алматы әуежайында халықаралық іздеуде жүрген күдікті ұсталды