Білім беру орталығының басшысы ата-аналардан қыруар қаржы жинап алып, ұшты-күйлі жоғалып кеткен
Білімнен ақша аямаймын деп, бар қаржысынан қағылып қалған ата-аналар арыз айтады. Ақтауда балаларын тестілеуге дайындау үшін алаяқтың қалтасына қаржы салып берген тұрғындар шу шығарды. Ал білім беру орталығының басшысы ұшты-күйлі жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қалалық прокуратура ғимаратына жиналған ата-аналар балаларының білімін жақсартамыз деп, арнайы орталықтың көмегіне жүгінген. Негізгі мақсат - оқушыларды кейін элит санатындағы ақылы оқу орындарына жіберу. Балалардың басым бөлігі Ұлттық бірыңғай тестілеуге де осында дайындала бастапты. Алғашында ата-аналардың үміті ақталған. Балалар оқу материалын жақсы меңгеріп, жақсы нәтижеге қол жеткізген. Алайда көпшілік «уақыт өте келе білім сапасы төмендей бастады» дейді. Мәселен, бір мұғалімнің бірнеше пәннен сабақ беруі жиілепті. Қазір орталық басшысы байланысқа шықпайды.
"Біз де, балаларымыз да далада қалып отырмыз. Әрқайсымызға келісімшарт берілген болатын. Бірақ кейіннен қарасақ, әр келісімде басшылары әртүрлі жазылған екен. Бұл таза алаяқтық емей немене? Осы мәселені шешіп беру үшін тиісті орындардан көмек сұрап отырмыз. Барлығымыз - 200 ата-анамыз", - дейді қала тұрғыны Баян Тұрғанбаева.
"Үзілістер желтоқсан айында басталды. Олар бізге мұғалімдердің қандай да бір түсініксіз себептермен жұмысқа бара алмайтынын айтып жүрді. Біз сол кезде күдіктендік. Оқу орталығына барғанымызда, нақты жауап ала алмадық. Бір жылдың оқу ақысын алдын ала төлетіп алды. Тіпті екі-үш баласын жіберген ата-аналар да бар, олардан миллион теңгеге жуық ақша алып кеткен", - дейді қала тұрғыны Сәлима Жауғаштиева.
Бұл орталықта қосымша оқыту айына 55 мың теңге екен, бірақ бір жылдың ақысын алдын ала төлесе, ата-аналарға айтарлықтай жеңілдіктер уәде етілген. Осыны негізге алған көпшілік ақша үнемдейміз деп, төлемді толық жасапты. Енді сан соғып, алданып қалдық деген олар қалалық прокуратураға арыз қалдырды.
"Сол арыздың аясында қала прокуратурасы полициямен және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп тиісті тапсырма беріп, арызда көздетілген уәждерді жан-жақты тексеріп, тиісті шара қабылдайтын болады", - деді қалалық прокуратураның бөлім бастығы Бақдәулет Ахметов.
Түсірілім барысында оқу орталығы орналасқан ғимараттың иесімен жүздестік. Камераға түсуден бас тартқан кәсіпкер «балалардың сағын сындырмау үшін оқуды жалғастыруға жағдай жасаймын» деп отыр. Мұғалімдердің жалақысын да өз қаражаты есебінен төлемек. Нысан иесі ата-аналармен жаңа келісімшарт жасау керек дегенді алға тартады. Айтпақшы, оқу орнының құрылтайшысы бұл кәсіпкерге 165 млн теңге қарыз екен. Жалға алу құнын төлетемін деген ғимарат басшысы енді сотқа жүгінеді.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, "Алматы" телеарнасы, Ақтау
Оқи отырыңыз: Алматыда зақымдалған газ құбырын жөндеуге кеткен шығынды кімнің өтейтіні айтылды