Бұл жұмыс өңірді ауыз сумен үздіксіз қамту үшін атқарылмақ
Ақтау қаласында тартылып кеткен су арналары тереңдетіліп жатыр. Бұл жұмыс өңірді ауыз сумен үздіксіз қамту үшін атқарылмақ. Бірақ жоба жүзеге аспай қалса, шаһар тұрғындары тіршілік нәріне зар болуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Теңіз суының тартылуы бүтін бір қалаға кесірін тигізіп тұр. Сол септі де биыл ала жаздай су кестемен берілді. Теңіз арнасы әлі де толмағандықтан, қала әкімдігі өңірде төтенше жағдай жариялап үлгерді. Маңғыстау атом энергетика комбинатына қарасты су каналдарын тереңдету жұмыстары қолға алынды. Бұл өз кезегінде қаланы тұрақты түрде ауыз сумен ғана емес, электр қуатымен де қамтамасыз етуге әсер етеді.
"Қала әкімдігі мен мердігер мекеме арасында келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдың қаңтарынды аяқталады", – деді қалалық құрылыс бөлімінің маманы Самат Қылышбай
Каналдың жалпы ұзындығы шамамен 560, ал ені орта есеппен 20 метр. Мамандар арна тереңдігін кем дегенде 3 метрге дейін қазуы қажет. Мұның барлығы қытымыр қыста судың қатып қалмауы үшін жасалады.
"Жұмыстарды толыққанды атқару үшін үш экскаватор жұмылдырылды. Олардың біреуінде 18 метрлік ұзын жабдық бар. Сонымен қатар технологиялық жолды дайындау үшін стандартты құрылғылары бар техника қолданылады", – деді мердігер компанияның техникалық директоры Алексей Гатин.
Құрылыс 2025 жылдың қаңтарында аяқталады деп жоспарланған. Демек Ақтау қаласында ауыз су мәселесі келер жылдың көктемінде ғана шешілмек.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Теміртауда заңсыз майнинг фермасы әшкере болды