Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеудің есебі жарияланды

Almaty.tv
Almaty.tv

Оқиға себептері Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру департаментінің есебінде мәлім етілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Көлік министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты бойынша тергеу қорытындыларының есебін жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer-190 ұшағымен болған оқиға себептері Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру департаментінің есебінде мәлім етілген.

Алдын ала есепте әзірге авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссияға келіп түскен қолда бар мағлұмат жазылған. Ұсынылған ақпарат алдын ала жазылғандықтан,барлық материал зерттеу нәтижелері бойынша нақтылануы және толықтырылуы мүмкін. Жұмыс аяқталғаннан кейін авиациялық оқиғаны тергеу нәтижелері бойынша түпкілікті есеп дайындалады.

Құжатта атап өтілгендей, 2024 жылдың 25 желтоқсанында жергілікті уақыт бойынша сағат 11:28-де (06:28 UTC) Ақтау әуе айлағының 11-ші ұшу-қону жолағына қону кезінде «Әзербайжан Хава Йоллары» - «Azerbaijan Airlines» ЖАҚ иелік ететін Embraer 190-100 IGW2 4K-AZ65 ұшағы авиациялық апатқа ұшырады.

Әуе кемесі Баку (UBBB)-Грозный (URMG) бағыты бойынша тұрақты J2– 8243 жолаушылар рейсін орындаған. Грозный аэродромына екі рет қона алмағандықтан экипаж Бакуге оралуды ұйғарған.

Әрі қарай, 05:13:31-де CVR-ден алынған жазбаларда дыбыстық соққы тіркелген, автопилотты («AUTO PILOT») және автоматты тартуды (RI «Throttle») өшіру туралы дыбыстық дабыл іске қосылған. Қайту процесінде сағат 05:13:32-де ұшақтың негізгі басқару жүйелері жоғалған.

05:13:34 – 3-ші гидрожүйедегі қысым 0 PSI-ге дейін төмендеген. 3-ші гидрожүйедегі сұйықтық деңгейі 0%-ға дейін төмендеген. Басқару рульдері нөлдік күйде бекітіледі және ұшу аяқталғанша осы қалыпта қалған.

05:13: 36 –тангаж бойынша әуе кемесін триммерлеу жүйесінің істен шығуы тіркелген.

05:13: 39 – FDR мәліметтері бойынша, кабинаның разгерметизациясы басталғаны (саңылаудың пайда болуы) тіркелген.

05:13:47 – «HYD 2 LOW PRESS» дабылы іске қосылған. 1-ші гидрожүйедегі қысым 0 PSI-ге дейін, сұйықтық деңгейі 0%-ға дейін төмендеген.

05:14: 58 - CVR мәліметтері бойынша, ішкі байланыс командирі жағдайды нақтылау үшін кабина экипажына хабарласқан: «Алло, не боп қалды?». Бортсерік: «2 орындық жарылды, мен... келе алмаймын, өйткені жолаушылар орнынан тұрып кетті, соларды отырғызып жатырмын», - деген.

Сағат 05:42-де экипаж апатты түрде қону үшін Ақтау қосалқы әуе айлағына бару шешімін қабылдаған.

Ұшақ бортында 5 экипаж мүшесі мен 62 жолаушы болған. Авиациялық оқиға салдарынан әуе кемесінің командирі, екінші ұшқыш, аға бортсерік және 35 жолаушы (барлығы 38) қаза тапты, 2 бортсерік және 27 жолаушы түрлі дәрежеде дене жарақатын алды. Жерге соқтығысу кезінде ұшақ қирап, ішінара өртенген.

Тексеру жұмыстарына ұшақты жасаған ұйымның (Embraer S.A., Empresa Brasileira de Aeronautica S.A.) және «Әзербайжан Хава Йоллары» ЖАҚ («Azerbaijan Airlines») әуе компаниясының өкілдері қатысуда.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын.

 

Новости партнеров