Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін Көлік оқиғаларын тергеу жөніндегі арнайы орталық құрылады

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Авиациялық әкімшілік әуе кәсіпорындарын тексеруді бастады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жыл соңына дейін Көлік оқиғаларын тергеу жөніндегі арнайы орталық құрылады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

 Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, Ақтау маңындағы әуе апатынан кейін авиациялық әкімшілік әуе кәсіпорындарын тексеруді бастады.

— Авиациялық оқиғаларды тергеу мәселесіне келетін болсақ, бұл көрсеткіш Қазақстанда 51%-ды құрайды. ИКАО қауіпсіздік бағалауы үшін маңызды 8 критикалық көрсеткіштің бірі саналатын бұл параметр ең төменгі деңгейде қалып отыр. Осыған байланысты ахуалды жақсарту мақсатында, жыл соңына дейін жоғары білікті мамандарды тартып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген Көлік оқиғаларын тергеу жөніндегі арнайы орталық құру жоспарлануда, — деді Т. Ластаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, Халықаралық авиациялық ұйымының бағалауынша, Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі 82%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш Батыс Еуропа елдерінің көрсеткіштерімен қатар қоюға келеді және әлемдік орташа деңгейден (70,8%) 11,2%-ға жоғары.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын.

Бортта 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам аман қалған еді.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев интернетте тараған нұсқа мен «қара жәшіктегі» мәлімет арасында үлкен айырмашылық бар екенін айтқан еді. Сондай-ақ ұшақ апатына байланысты Ресейде, Қазақстанда және Әзербайжанда қылмыстық іс қозғалған еді. 

Бұған дейін Бразилия Әскери-әуе күштерінің Әуе апаттарын зерттеу орталығының (Cenipa) мамандары AZAL әуе компаниясының апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының қара жәшігін талдауға кіріскенін хабарлаған болатын.

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов шахтадағы апаты мұқият тексеріп, зардаптарын жоюды тапсырды

Новости партнеров