Коммерциялық нысанға қатысты дау 2 жыл бұрын басталған
Ақтауда аялдамаға жапсарлас салынып жатқан нысан көпшіліктің ашуын тудырып, арты дауға ұласқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Коммерциялық нысанға қатысты дау 2 жыл бұрын басталған. Тұрғындар қала әкімі мен құзырлы органның барлығына хат жазып, арыз түсірген. Олар «егер өрт боса, заңсыз нысанның кесірінен өрт сөндіру көліктері тұрғын үй ауласына кіре алмайды» деп алаңдап отыр.
"Біріншіден, жердің иесі Сулейманов Тимур, заңды тұлға емес. Жер астында газ құбырлары жүргізілген. Заңсыз нысан, өйткені аялдамаға тек 70 шаршы метр бөлінеді", – деді қала тұрғыны Роза Манасова.
Қоғам белсендісі және кәсіпкер Азамат Сәрсенбаев шағын ғана жерді бизнес өкілі 560 шаршы метрге дейін қалай кеңейтіп алғанын түсінбейді. Өйткені заңға сәйкес, аялдамада кәсіп ашу үшін 60 шаршы метрден артық жер телімі берілмейді.
Жұртшылықтың шағымынан қала билігі де хабардар. Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті мамандарының айтуынша, кәсіпкер жалпыға ортақ жерге құрылыс салған. Оның үстіне дәл сол жерден орташа қысымды газ құбыры өтеді. Қазір жер телімін кері қайтару мәселесі қарастырылуда.
"Ақтау қалалық жер қатынастары департаменті тарапына жауапкер ретінде Ақтау қаласының сотына талап арыз жолданды. Жер учаскесі мемлекет меншігіне кері қайтаруды және жер қатынастары бөлімі әкімдік тарапынан Сүлейменовпен келісімшартты бұзуды талап етілді", – деді Маңғыстау облысы Жер ресурстарын басқару департаментінің бөлім басшысы Нұрлан Шүйішмағанбетов.
Жауаптылардың сөзінше, кәсіпкер қосымша жер телімін құрылыс жүргізу мақсатында 2023 жылы келісімшарт негізінде әкімдіктен алған. Алайда 2024 жылы желтоқсанда Жер кодексінің талаптары бұзылғаны анықталып, әкімдік қаулының күшін жою туралы шешім шығарады. Мамандардың айтуынша, құрылысты нақты тоқтату үшін соттың үкімі қажет.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: 15 жолаушы жолақысын төлемеген - Алматыда рейд басталды