Бір емес, бірнеше үйдің тұрғындары компанияның әрі-бері қатынап жүрген үй арасындағы жолды жауып тастағанына наразы
Ақтаулық азаматтар аула қоршауын бұзып, біраздан бергі мәселенің бір мәнін тапқандай болды. Бұған дейін үй маңынан салынған құрылысқа наразы болғандар құрылыс мекемесінің жолды қоршап алғанына қарсы шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір үй тұрғызамын деп қасындағы көршілерінің сынына қалған құрылыс мекемесі қоршау сала бастағаннан көпшіліктің ашуына тиген. Бір емес, бірнеше үйдің тұрғындары компанияның әрі-бері қатынап жүрген үй арасындағы жолды жауып тастағанына наразы. Көпшілік жұмысы толық аяқталмаған қоршаудың маңына жиналып әкімдік өкілдері мен халық қалауларына шағым айтты.
"Үйдің артын жапқан. Өрт қауіпсіздігі болса, қйтпек керек? Компанияның бас жоспарын алдық. Қоршалған жер оларға тиесілі емес", – қала тұрғыны Фатима Елбаева.
"Әкімдіктен барлық мәліметті алдым. Құрылыс мекемесіне осынша жерді қоршап алуға ешкім рұқсат бермеген. Енді болған іс болып, бояуы сіңгеннен кейін бір келісімге келгісі келеді. Келісімге құрылыс басталмай тұрып келу керек еді. Енді осы жердің тұрғыны ретінде бұрынғы жолды қайта қалпына келтіруді, жолды ашуды, асфальт төсеуді және қоршауды алып тастауды талап етемін", – деді қала тұрғыны Марина Утешова.
Жаңа үйдің құрылысын жүргізіп жатқан мекеме өкілі қолындағы жобасын көрсетіп, сол сызбамен қоршау салып жатқанын алға тартты. Алайда жерді белгіленген аумақтан артығымен иемденіп алғаны тайға таңба басқандай көрініп тұр.
"Әкімдікпен келіспей, үйдің айналасын қоршап алған. Бірақ ол жер мемлекетке жата ма, жоқ жекеменшік жері ма, нақты айта алмай отыр. Енді тексеріс жүргізіліп, артық жерлер қайтарылады. Бірақ тұрғындардың шағымы бойынша, компанияның басшысына жағдай анықталғанша, бүткіл қоршауды алып тастау туралы тапсырма бердік. Қазір алып жатыр. Мәселе бақылауымызда болады", – деді қалалық мәслихаттың депутаты Гүлмира Әбішева.
Қоршаудың қасынан кетпей, табан тіреп тұрып алғандар шарбақты жығуды талап етті.
Даудың басы болған - қоршау осылайша алынып тасталды. Алайда мәселе мұнымен шешілді деп айтуға әлі де ерте. Себебі құрылыс компаниясы шекарасын белгілеп, бәрібір қоршау қоймақ. Бірақ бұрынғыдай алып аумақ тиесілі болмайды. Ал көпшілік қоршау алынбай тұрып құзырлы орынға түсірген шағымның тиісінше қаралуын талап етіп отыр.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан