Ақтөбе облысында 60-қа жуық елдімекенді су басу қаупі бар

07.02.2025 19:58

Өңірдегі ең үлкен қауіп Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандарында тіркеліп отыр

Ақтөбе облысында да 60-қа жуық елдімекенді су басу қаупі бар. Сондықтан төтеншеліктер тасқынға қарсы дайындықты күшейтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде басталған «Көктем-2025» республикалық оқу-жаттығуы Ақтөбе облысында да ұйымдастырылды. Өңірде төтенше жағдайларға дайындықты пысықтау мақсатында 61 практикалық іс-шара жоспарланған, оның 10-ы қалада, қалғаны аудандарда өтеді.

"Мұндай шараларға қорғаныс бөгеттерін тұрғызу, арықтар мен каналдарды тазарту, сондай-ақ су басу қаупі бар аймақтардан қар шығару жұмыстары кіреді. Өткен жылғы су тасқынынан кейін Ырғыз, Ойыл және Қобда аудандарында қорғаныс бөгеттері мен су өткізу арналары салынды. Бұл тасқынды айтарлықтай бөгейді", – деді ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Аслан Арзымбетов.

Өңірдегі ең үлкен қауіп Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандарында тіркеліп отыр. Жалпы алғанда, 66 мыңнан астам тұрғыны бар 58 елдімекен су тасқыны болуы мүмкін аймаққа кіреді. Қауіптің алдын алу мақсатында 7,3 млрд теңгеге қорғаныс бөгеттері салынып, қайта жөнделді. Бұдан бөлек, су тасқынынан бүлінген бөгеттер қалпына келтіріліп, арнайы техника сатып алынды. Сондай-ақ 35 мың адамды уақытша орналастыруға арналған 199 эвакуациялық орын әзірленді.

"Союз 380 үрлемелі моторлы қайығына 6 адам сыяды. Оның мақсаты – адамдарды су тасқынынан құтқару. Ақтөбе облысында, БҚО және де Атырау облысы Құлсары елдімекеніндерінде құтқару жұмыстары жүргізілді. Халықтың ілтипатына ие болып жатырмыз", – деді құтқарушы Бағдат Темірханов.

Облыстық ТЖД мәліметінше, тасқынға қарсы шаралар 20 наурызға дейін жүргізіледі. Сәуірдің соңында өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін. Былтыр көктемде 4 мыңнан астам үй су астында қалып, олардың мыңнан астамы апатты деп танылған.

Мәди Мәлік, Нұргүл Тілепова, Ақтөбеден

Оқи отырыңыз: Қарғын су: ШҚО-да жоғары дайындық режимі енгізілді