Ақтөбе облысында ірі көлемде пара алған аудан әкімінің орынбасары сотталды

30.04.2025 20:30

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

Аlmaty.tv

Ақтөбе облысында Шалқар аудандық соты 2025 жылғы 23 сәуірде аудан әкімінің орынбасары Б.Зайрымбет пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы А.Беркімбаевға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2024 жылғы 27 желтоқсанда олардың бірігіп, коммерциялық ұйым басшысынан 2,3 миллион теңге көлемінде пара алғаны анықталды. Пара мемлекеттік сатып алу аясында орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қою, төлем жүргізу және жалпы қамқорлық көрсету үшін берілген», - делінген Антикор хабарламасында.

Сот аталған лауазымды тұлғаларды пара алғаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына мемлекеттік қызметте, судья және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Оқи отырыңыз: Олимпиадалық резерв мектебінің экс-директоры жемқорлық жасады деген күдікке ілінді