Құрылыс компаниясының басшылығы үлескерлердің 421 млн теңгесін жымқырған

09.04.2025 13:23

Қылмыстық іс сотқа жолданды

Аlmaty.tv

Ақтөбеде алаяқтық дерегі бойынша «Жилище» құрылыс компаниясының төрағасына қатысты қылмыстық іс 2 сәуірде сотқа жолданды, деп хабарлайды Аlmaty.tv облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомстводан мәлім еткендей, зардап шеккен 75 үлескер тұрғын үй құрылысына 421 млн теңгеден астам қаражат салған. Алайда компания Ақтөбе қаласында 2 үйді салмаған.

«Облыс аумағында жалпы 11 проблемалық үлескерлік құрылыстары бар, олар бойынша 745 жәбірленуші, залал – 5,6 млрд теңге. Өткен жылы 5 құрылыс компания басшылары 8 нысан бойынша қылмысқа тартылып 6 жылға сотталды. Прокуратура азаматтық тәртіпте соттарға 2 талап-арыз жолдады, яғни 159 үлескердің мүддесі үшін, сатып алу шарттарын жарамсыз деп танып, үлескерлердің пайдасына 2 млрд теңге өндіру талап етілген. Одан басқа, 600 үлескердің мүддесі үшін тағы 6 талап-арыз жолданады. Біз барлық проблемалық құрылыс нысандарын бақылауда ұстаймыз», - деді облыс прокуроры Марат Әбішев.

Прокуратура органдары азаматтарды құрылысшылардан уәкілетті оператордың кепілдігі, екінші деңгейлі банктің жобаға қатысуы, тұрғын үйдің құрылысының толық даярлығы сияқты барлық рұқсат құжатын талап етуге шақырады. 

Оқи отырыңыз: Алматылықтар бір айда 20 мыңнан астам қажетсіз киім тапсырды