Ақтөбеде мектеп оқушысын жасөспірімдер соққыға жығып, пышақтап кеткен

Видеодан кадр
Видеодан кадр

Жәбірленушінің отбасы төбелеске қатысқандардың бәрін жазалауды талап етіп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде бір топ жігіт 11 сынып оқушысын қатыгездікпен соққыға жығып, пышақпен жарақаттаған. Салдарынан жасөспірім төсекке таңылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Жәбірленушінің отбасы төбелеске қатысқандардың барлығын жазалауды талап етіп отыр.

Оқиға 2025 жылдың 21 наурызында қала шетінде болған. Жәбірленушінің анасының айтуынша, ұлы сол күні көршісімен кездесуге кеткен.

"Менің ұлымды 21 наурызда 15 адам ұрып, пышақ жарақатын салған. Көрші сол күні ұлымды шақырып, ұлдардың арасында жанжал болғанын, өзінің өміріне қауіп төнгенін айтыпты. Көрші және тағы бес бала кездесу орнына барған. Алайда жанындағы балалардың барлығы қашып кетіп, менің баламды жалғыз қалдырған. 15 жігіт ұлымды қатты ұрып-соғып, дубинкамен басына соққы жасап, тепкен. Ұлым есінен танып қалған. Артынша 2009 жылы туған жігіт пышақпен аяғына жарақат салған", – дейді жәбірленушінің анасы Қазына Боканова.

Қақтығыс жақын маңдағы азық-түлік дүкенінің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Дүкен иесі алғашқылардың бірі болып, жарақат алған Диасқа көмек көрсетуге келіп, жедел жәрдем шақырған.

"Мен сыртта төбелес болып жатқанын естідім. Дүкеннен шыққанда, бір топ жігіттің барлығы қашып кетті. Жерде бір жігіт жатыр еді. Есінен танып қалған, басы қан-қан. Аяғынан да қан кетіп жатыр екен. Мен айқайлап көмек сұрадым, көліктерді тоқтатуға тырыстым. Кейін дүкендегі барлық затты алып, аяғын таңып байладым, өйткені қан жоғалтатынынан қорықтым", – дейді дүкен иесі Айсина Әбілова.

Оқиғадан кейін Диасқа төрт операция жасалған. Қазіргі уақытта ол өз бетінше жүре алмайды. 

Отбасының айтуынша, қазіргі уақытта тек төрт адам ұсталған.

"Олардың бәрі жазалансын. Неге олар әлі ұсталған жоқ? Біз әділдік орнағанын қалаймыз", – дейді жәбірленушінің анасы.

Актөбе полициясы бұл жағдайға қатысты бұзақылық фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

"Күдіктілер анықталып, полицияға жеткізілді. Тергеу жалғасуда. Басқа ақпарат қылмыстық іс аясында жарияланбайды", – деп хабарлады Актөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Полиция төрт адамды ұстағанын растады. Білім басқармасының мәліметі бойынша, олардың бірі - қала сыртынан келген колледж студенті.

Оқи отырыңыз: Тұрғындарды 130 млн теңгеге алдаймын деп сотталып кеткен ер адам өкінішін айтты

Новости партнеров