"Алаяққа алдандық": Талғарда жүзден астам азамат он жылдан бері жерін заңдастыра алмай жүр

Әбігерге түскен жұрттың мәселесі қашан шешілері белгісіз

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Талғар ауданында 164 азамат 10 жылдан бері сатып алған жерлерін заңдастыра алмай жүр. Қолында құжаты болмаса да, біразы мұнда үй тұрғызып, қоныстанып үлгерген. Көпшілік “жер алып беремін” деп сендірген алаяқтың құрығына түсіп қалғанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2011 жылы Белбұлақ ауылының тұрғындарына белгілі ұйымның қызметкері болып танысқан әйел жер учаскелерін ұсына бастаған. Әуелде 30 гектарды бөлуге келісіп, сатып алушыларға құжатын рәсімдеп беруге уәде еткен. Ниет білдірушілердің көбін көріп, бірден бағаны да шарықтатып жіберіпті. Сөйтіп, жарты жыл ішінде жиналған қаражаттың бір бөлігін қолды етіп, ақыры халыққа 14,6 гектар жерді ғана беріп кеткен екен.

"2011 жылы осында тұрғандардың бәрі адал ақшамызға сатып алдық. Содан бері жеріміздің құжатын ала алмай жүрміз. Ал түпнұсқа құжаттың бәрі сол кезде осы “Отан, Жер-Ана” деген ұйымды ұйымдастырған Оразымбетова Әлияның қолында. Құжаттарға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай отырмыз", - дейді Белбұлақ ауылының тұрғыны Ырысжан Жанаманова.

"Түпнұсқа құжатты заңды орынға барып тіркейік десек, бермей отыр", - деді Белбұлақ ауылының тұрғыны Данияр Мұнтаев.

Алаяқтықпен сатылған 165 жер учаскесі осы жерден басталып жатыр. Сорақысы сол, жалпы ауданы 14,6 гектар жердің бөлігі қызыл сызықта жатыр, өйткені су қоймасымен шектеседі. Алаяқ жер телімдерін саудаға салғанда бәрін шешіп беруге уәделескен. Енді бұл бөліктің иелері құрылыс жұмысын жүргізе алмайды.

Жұртты алдаумен қомақты қаржыны қалтасына басқан алаяқ жердің бір бөлігін қызының атына аударып берген екен. Ал 164 азаматқа бірдей етіп үлестіріп беру үшін сыйға тарту шарты жасалыпты. Бірақ әлі күнге дейін халықтың қолында құжаты жоқ. Жер тіркелмеген. Ал түпнұсқа қағаздар әлгі сатушының қолында қалып, халыққа сол күйі қайтарылмаған екен.

"Ол кісі 177-бап бойынша сотталған. Ол алаяқтық бабы. Сондықтан неге қазір сол кісіден арыз қабылдайды? Ол арызды неге көп қарастырады? Ендігі бір жылға жақындап қалды. Біз бәріміз арыз тапсырдық, қолымызда құжатымыз, түбіртегіміз бар. Неге олар сол кісінің сөзіне сеніп, осы істі соңына апармай жатыр?" - деді Белбұлақ ауылының тұрғыны Жәмилә Әбішова.

Жұртшылыққа бөлініп берілген 14,6 гектар жер басында шаруа қожалығы болып танылған еді. Кейіннен 2015 жылы нысаналы мақсаты өзгеріп, өзіндік қосалқы шаруашылығы болып ауысқан. Демек, бұл жерде үй соғуға болады. Құжатқа қол жеткізе алмай жүрген халық жергілікті билік өкілдерінің табалдырығын тоздырып, барлық жауапты органға өтінішхат жіберген екен. Алайда аудан әкімдігі бұл мәселенің тек сот арқылы шешілетінін кесіп айтты.

"Біз бұл кісілерге өз тарапымыздан бірнеше рет айтқанбыз. Яғни, мемлекеттік тіркеуді өткізу үшін қазіргі таңда ортақ бір мәмілеге келесіздер немесе сот арқылы медиативтік тұрғыда шағым тастау керек, қазір тергеу шарасы жүріп жатыр. Кейін тіркеуден өткен соң үйлерін, учаскелерін заңдастыруға әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі", - деді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Әскербеков.

2017 жылы көпшіліктің арызымен жерді саудаға салған адам шартты түрде 3 жылға сотталған. Бірақ мәселе мұнымен шешілмеді. Тұрғындардың айтуынша, алаяқ жазасын өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін де жұртты алдап, ақша өндірген. Ал 2024 жылы полицияға арызданып, әлдекімдер айлакерлікпен оған қарсы әрекет жасап жатыр деп шағым жасапты.  Бұл іс 1 жылдан бері тергеліп жатыр.

"Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын зерттеуде толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу жалғасуда. Аталған жұмыстардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады", - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.

Жерін заңдастыра алмай, әбігерге түскен жұрттың мәселесі қашан шешілері белгісіз. Олар ендігіде прокуратураға арыз жазуға ниетті.

Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов," Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Үкіметте "Таза Қазақстан" экологиялық акциясының іске асырылу барысы қаралды

Новости партнеров